Мәжіліс кеше екінші оқылымда қабылдаған жаңа заң аясында ойын аймақтарының географиясын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған Бурабай мен Қапшағайдағы аймақтардан бөлек, казино Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауында, Панфилов ауданындағы Алакөл көлінің маңында, сондай-ақ Жетісу, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында пайда болуы мүмкін.

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметтегі брифингте мемлекет тек ойын аймақтарын айқындайтынын, ал казино нақты қай жерлерде орналасатынын әкімдіктер шешетінін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл шешім жергілікті инфрақұрылым мен басқа да жағдайларға байланысты болады.

Министр ойын аймақтарын кеңейту туризмді дамыту құралы ретінде қарастырылып отырғанын және бұл халықаралық тәжірибеге сай келетінін атап өтті. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда мұндай аймақтардың шекарасы ұлғайтылуы мүмкін екенін айтты.

Туризм министрлігінің есептеуінше, әрбір жаңа казино жылына бюджетке 2–3 млрд теңге салық түсіріп, шамамен 500 жұмыс орнын ашады. Мырзабосынов салық жүктемесін төмендету туралы әңгіме жоқ екенін ерекше атап өтті.

«Салықты төмендету туралы мүлде сөз жоқ. Егер білсеңіздер, казино әрбір үстелден салық төлейді. Мен жоғарыда айтқандай, әрбір казино жылына 2–3 млрд теңге салық төлейтін болады», – деді министр.

Казино желісін кеңейту мәселесі жақында қабылданған лудоманиямен күрес туралы заң аясында қызу талқылауға себеп болды. Аталған заң қазақстандықтар арасындағы ойынға тәуелділікті шектеуге бағытталған.

Мырзабосыновтың айтуынша, жаңа казино салынатын аудандардың тұрғындары бұған қарсы емес. Бұл министрлік жүргізген сауалнама нәтижесінде анықталған. Сонымен қатар, министрдің пікірінше, казиноның негізгі клиенттері шетел азаматтары болады.