2025–2026 жылғы күз-қыс маусымында ай сайынғы электр энергиясы тапшылығы 330 млн кВтсағатқа дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы KEGOC басқарма төрағасы Нәби Айтжанов хабарлады. Оның айтуынша, бұл көлемді Қазақстан Ресей мен Өзбекстаннан сатып алады.
«Құрастырылған теңгерімге сәйкес, 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы наурызға дейінгі кезеңде электр энергиясы мен қуат бойынша тапшылық күтіледі. Болжаулы ең жоғары электр жүктемесі 17,6 ГВт болса, электр станцияларының ең жоғары генерациясы шамамен 18,7 ГВт болады. Қуат тапшылығы 900 МВт деңгейінде болжанып отыр. Ал ай сайынғы электр энергиясы тапшылығы 125 млн кВтсағаттан 330 млн кВтсағатқа дейін жетуі мүмкін. Жалпы күз-қыс маусымындағы жиынтық тапшылық 1 млрд кВтсағаттан асады», – деді Айтжанов «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің отырысында.
Оның сөзінше, электр энергиясы мен қуат тапшылығы Ресей Федерациясы мен Өзбекстанның көршілес энергетикалық жүйелерінен жоспарлы импорт есебінен жабылады.
Болжамдық теңгерімге сәйкес, электр энергиясы тапшылығы келесідей болады: қазан айында – 70 млн кВтсағат (тұтыну – 10,275 млрд кВтсағат, өндіру – 10,345 млрд кВтсағат), қарашада – 330 млн кВтсағат, желтоқсанда – 125 млн кВтсағат, 2026 жылғы қаңтарда – 215 млн кВтсағат, ақпанда – 125 млн кВтсағат, наурызда – 210 млн кВтсағат. Осылайша, жылыту маусымындағы жалпы тапшылық 1,075 млрд кВтсағатты құрайды.
Қуат бойынша айлық тапшылық бүкіл жылыту маусымы бойы шамамен 900 МВт деңгейінде сақталады: қазанда – 950 МВт, қарашада – 900 МВт, желтоқсанда – 900 МВт, 2026 жылғы қаңтарда – 900 МВт, ақпанда – 850 МВт, наурызда – 500 МВт.
KOREM мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін Қазақстанда жалпы электр энергиясын өндіру көлемі 94,6 млрд кВтсағатты, ал тұтыну 96,2 млрд кВтсағатты құрады. Дәстүрлі түрде Қазақстан электр энергиясының тапшылығын Ресейден импорт арқылы өтейді.