ITS халықаралық сауда алаңы 2026 жылғы 3 сәуірден бастап сауда сессиясының басталуын Астана уақыты бойынша (UTC+5) 10:00-ден 09:00-ге ауыстырып, әртүрлі уақыт белдеулеріндегі инвесторлар үшін нарыққа деген қолжетімділікті кеңейтеді.

ITS-тегі сауда сессиясының ұзақтығы енді қазақстандық уақыт бойынша 9:00-ден келесі күнгі 3:45-ке дейін (04:00–22:45 UTC), яғни 19 сағатқа жуық уақытты құрайды. Сауда-саттық Азия сессиясының қызған шағында ашылып, NYSE мен Nasdaq-тағы негізгі сауда аяқталғаннан кейін шамамен үш сағаттан соң жабылады.

Кеңейтілген сауда мүмкіндіктері ITS-тің инвесторлар, маркет-мейкерлер және эмитенттер үшін өтімділік хабы ретіндегі тартымдылығын арттырады және «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Қазақстанның аймақтық қаржы орталығы ретіндегі рөлін нығайту жөніндегі стратегиясына сәйкес келеді.

Салыстыру үшін: әлемдік жетекші алаңдардағы негізгі сауда сессиясы (пре-маркет пен after-hours-ты есепке алмағанда) NYSE мен Nasdaq-та 6,5 сағатты (13:30–20:00 UTC), Лондон қор биржасында 8,5 сағатты (07:00–15:30 UTC) және Гонконг биржасында түскі үзілісті есепке алғанда шамамен 5,5 сағатты (01:30–08:00 UTC) құрайды.

Ұзақтығы 19 сағатқа жуық ITS сессиясы бірден үш аймақтың – Азия, Еуропа және Солтүстік Американың сауда терезелерін қамтиды және нарық қатысушыларына позицияларды басқару мен әртүрлі уақыт белдеулеріндегі оқиғаларға жедел әрекет ету үшін айтарлықтай көп мүмкіндіктер береді.

Мұндай ұзақ сессия бағаның үздіксіз қалыптасуына жағдай жасайды: баға белгіленімдері тәуліктің басым бөлігінде қалыптасады, бұл нарықтың ашылуы кезіндегі бағаның күрт алшақтау (гэп) қаупін азайтады және өтінімдердің орындалу сапасын арттырады.

«Қазіргі инвестор бір биржаның кестесімен ғана шектелмейді. Біз нарықтың тәулік бойы қолжетімді болуына деген сұранысты көріп отырмыз және бұл ұстанымды қолдаймыз. ITS сессиясын кеңейту – бұл біздің бастамамыз және инвесторға қажет кезде жұмыс істейтін, қолжетімді әрі жаһандық деңгейде интеграцияланған сауда алаңын құру стратегиямыздың бір бөлігі», – деп атап өтті ITS бас атқарушы директоры Құрмет Оразаев.