Ипотека мембағдарламаларға ілегетін топтың ғана игілігіне айналып барады

Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ипотекалық несие көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4% өсіп, 1,1 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте ипотека нарығындағы өсім негізінен жеңілдетілген бағдарламалар мен Отбасы банктің қаржыландыруы есебінен қамтамасыз етілді. Мұндай деректерді Қазақстан қаржы қауымдастығының аналитикалық орталығы келтіреді.

Жалпы бөлшек несие нарығында керісінше салқындау байқалды: жаңа бөлшек несие көлемі жылдық 3,6% қысқарды.

Ипотекаға сұраныс әлі қалпына келген жоқ

Бірінші жартыжылдықта ипотека алуға берілген өтінімдер саны 13,4% азайып, 419,2 мыңды құрады.

Керісінше, мақұлданған өтінімдердің үлесі 26,1%-дан 28,1%-ға дейін аздап өсті.

Сонымен қатар тоқсандық динамика жақсарған. Бірінші тоқсанда өтінімдер саны 20,8% төмендесе, екінші тоқсанда 18,7% өскен. Бұл жыл басындағы ең әлсіз кезеңнің артта қалғанын көрсетуі мүмкін.

Ипотеканың қолжетімділігіне тұрғын үй бағасының өсуі кері әсер етіп отыр. Бір жыл ішінде жаңа үйлердің бағасы 15,5%, қайталама нарықтағы баспана бағасы 11,8% қымбаттаған. Ал халықтың нақты ақшалай табысы небәрі 0,1% өскен.

Яғни тұрғын үй бағасы халық табысынан әлдеқайда жылдам өсіп жатыр. Бұл ипотека алу үшін қажет бастапқы жарнаның көлемін арттырып, төлем қабілеті бар сұранысты шектейді.

Өсімнің негізгі көзі – Отбасы банк

Ипотека бойынша жаңа қарыздардың жалпы көлемі 12,4% өскенімен, нарықтағы классикалық банктік ипотека керісінше қысқарған.

Отбасы банктің ипотекалық қарыздары 32,8% өсіп, 916,7 млрд теңгеге жетті.

Ал екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекалық өнімдері бойынша берілген қарыз көлемі 39% қысқарып, 161,5 млрд теңгені құрады.

Осылайша ипотека нарығындағы жалпы өсімді толығымен дерлік Отбасы банктің қаржыландыруы қамтамасыз етті.

Нәтижесінде екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасының жаңа қарыздардағы үлесі бір жыл ішінде 26,2%-дан 14,3%-ға дейін төмендеді.

Нарықтық сегментке жоғары қорландыру құны қысым жасап отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының басым бөлігінде базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде болды.

Ипотеканың орташа мөлшері өсті

Ипотекалық қарыздың орташа сомасы 2,5% өсіп, 12,4 млн теңгеге жетті.

Бұл ретте есептік ипотекалық төлемнің орташа жалақыға қатынасы 37%-дан 36%-ға дейін төмендеді. Яғни номиналды жалақының өсуі және жеңілдетілген бағдарламалардағы төмен мөлшерлемелер қарыз алушылардың борыштық жүктемесін әзірге тұрақты деңгейде ұстап тұр.

Алайда ипотекалық қарыздардың құрылымы ірі несиелердің үлесі өсіп келе жатқанын көрсетеді.

20 млн теңгеден жоғары қарыздардың үлесі 31,4%-дан 39,6%-ға дейін артқан. Ал 10 млн теңгеге дейінгі ипотекалардың үлесі 20,7%-дан 16,5%-ға дейін төмендеген.

Бұл тұрғын үй бағасының қымбаттауына байланысты үй сатып алу үшін көбірек қарыз қаражаты қажет болып отырғанын көрсетеді.

Ипотекалық портфель 7,2% өсті

Жоғары көлемдегі ипотекалық қарыз беру банк жүйесіндегі ипотекалық портфельдің өсуіне әсер етті.

2026 жылдың басынан бері ипотекалық портфель 7,2% өсіп, 7,5 трлн теңгеге жетті.

Оның ішінде Отбасы банктің портфелі 9,6% өсіп, 4,4 трлн теңгені құрады. Осылайша Отбасы банктің үлесі жалпы ипотекалық нарықтың 60%-ына жақындады.

Ипотекалық портфельдің сапасы да жоғары деңгейде қалып отыр. Жүйе бойынша мерзімі өткен берешектің үлесі айтарлықтай өзгермей, 0,41% болды.

Екінші жартыжылдықта ипотекаға сұраныс қалпына келе ме?

Үшінші тоқсанда ипотекаға сұраныс одан әрі қалпына келеді деп күтіледі. Бұған жеңілдетілген бағдарламалардың кеңеюі және құрылыс компанияларымен бірлескен бағдарламалар әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар екінші жартыжылдықта ақша-несие жағдайының жұмсаруы жаңа ипотекалық қарыздардың өсуін қолдауы ықтимал.

Дегенмен нарықтың толыққанды қалпына келуі үшін тек жеңілдетілген ипотеканың өсуі жеткіліксіз. Нарықтық ипотеканың қайта жандануы ұзақ мерзімді қорландыру құнының төмендеуіне және тұрғын үйдің халық үшін қолжетімді болуына байланысты.

Қазіргі жағдайда ипотекалық нарықтың өсімі негізінен мемлекеттік қолдау мен тұрғын үй жинақтары жүйесінің мүмкіндіктеріне тәуелді болып қала береді.

Қорыта айтқанда, ипотекаға сұраныс азайған, бірақ мақұлдау көрсеткіші өскен, сонымен қатар, ипотека нарығы өсіп келеді. Осыдан шығатын қорытынды - ипотека біртіндеп мемлекеттік бағдарламаларға ілегетін белгілі бір топтың ғана игілігіне айналып барады.