2025 жылы Қазақстанға тартылған ТШИ көлемі 20,4 млрд доллар болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,4% жоғары (17,9 млрд доллар). Өсім негізінен шикізаттық емес секторлар есебінен қамтамасыз етілді, ал бұрынғы көшбасшы – тау-кен өнеркәсібі инвестициялар құрылымындағы үлесін жоғалтып жатыр, деп жазады Tengonomika телеграм арнасы.

2025 жылдың басты ерекшелігі – өңдеу өнеркәсібіне бетбұрыс. Бұл секторға тартылған инвестициялар 4,4 млрд долларға жетіп, алғаш рет тау-кен саласын (3,4 млрд доллар) басып озды. Әсіресе мұнай мен газ өндіру сегментінде күрт төмендеу байқалады: инвестиция 0,6 млрд долларға дейін құлдырады (2018–2019 жылдары жыл сайын 12,1 млрд доллар болған).

Сонымен қатар инвесторлар қызығушылығы сауда (3,3 млрд доллар), қаржы қызметі (2,5 млрд доллар), ақпарат және байланыс (1,3 млрд доллар), сондай-ақ көлік пен логистика (1,3 млрд доллар) салаларына жоғары деңгейде сақталуда.

Инвестор елдер бойынша көшбасшылар: Нидерланд (4,6 млрд доллар), Ресей (2,9 млрд доллар) және Қытай (2,8 млрд доллар). Сонымен бірге Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен инвестиция айтарлықтай өсті: БАӘ — 1,6 млрд доллар, Сингапур — 1,5 млрд доллар, ал Қатар инвестициясын 8 есеге жуық арттырып, 1,3 млрд доллар салды.

Өңірлер инвестициялар әлі де мегаполистерде шоғырланған. Алматы қаласы 8,6 млрд доллар көрсеткішпен бірінші орында, одан кейін рекордтық өсім көрсеткен Астана — 4,0 млрд доллар. Өңірлер ішінде Атырау облысы 3,4 млрд доллар көлемімен көш бастап тұр, дегенмен жалпы салада төмендеу байқалады.

Маңызды жайт: жалпы ТШИ ағыны 20,5 млрд долларға (+14,4%) өскенімен, таза ТШИ көрсеткіші 2025 жылы теріс мәнде қалып, –0,9 млрд доллар болды.