Халықтың теңгелік депозиттерінің өсімі 2023 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 367,8 млрд теңгені құрап, олардың үлесі жеке тұлғалардың бүкіл депозиттерінің 67,3%-ына жетті. Ал халықтың валюталық депозиттері 2023 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 135,9 млрд теңгеге дейін төмендеді. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі бірінші рет ең төмен көрсеткіштерге жетті: ағымдағы жылдың 1-тоқсанының соңына қарай 1,2 п.т. төмендеп, 32,7%-дық үлесті көрсетті. Валюталық салымдардың көлемі мен жалпы долларлану деңгейінің төмендеуі шетел валютасына деген сұраныстың жоқтығын және теңгелік депозиттерге деген қызығушылықтың жоғары екендігін білдіреді. Бұған теңгенің айырбас бағамы қозғалысының тұрақтылығы және болжауға келетіндігі, сондай-ақ теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелердің тартымдылығы септігін тигізуде.

Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелері 1-тоқсан барысында өзгерген жоқ. Мұның бір себебі сол, ҚР Ұлттық Банкі инфляциямен күрес аясында базалық мөлшерлемені әлі де 16,75% деңгейінде сақтап тұр.  

Ұлттық Банктің болжамы бойынша инфляция деңгейі 2023-2024 жылдары төмендеп, 2024 жылы 9-11%-ға дейін төмендейді. Осылайша депозиттер бойынша мөлшерлемелердің ағымдағы мәні инфляцияның біртіндеп түсіп жатқанын ескерсек, нақты табыстылықтың біртіндеп өсетіндігін көрсетеді Оның үстіне мұнда қор нарығындағы секілді тәуекелдер жоқ десе де болады. Есте сақтаған жөн, салымдардың нақты табыстылығын инфляцияның бұған дейінгі немесе нақты мәнін емес, оның алдағы мәні туралы болжамды шегергендегі ағымдағы мөлшерлеме негізінде есептеу қажет.

Әдеттегідей, инфляция төмендей бастаған шақта шекті мөлшерлемелер де, банктердік нақты сыйақы мөлшерлемелері де біртіндеп төмендей бастайды. Осыны ескере отырып айтарымыз, қазіргі уақытта ұзақ мерзімді теңгелік депозиттер анағұрлым тиімді қаржы құралы болып табылады. Депозиторлар сол арқылы ағымдағы жоғары табыстылықты мейлінше ұзақ уақытқа соза алады. Мысалы, қазіргі уақытта теңгелік жинақ депозиттер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелері 18,3%-ға жетеді. Депозит нарығының көрсеткіштері де халықтың ұзақ мерзімді салымдарға деген қызығушылығын паш етуде: 2023 жылдың 01 сәуіріне қарай мерзімі 1 жылды құрайтын мерзімсіз салымдардың үлесі 93,4%-ды құрайды. Бұл ретте жинақ салымдар бойынша көрсеткіш – 68,0%, ал мерзімді салымдар бойынша – 42,7%. Нәтиже бойынша халықтың 1 жыл және одан да жоғары мерзімге ашқан салымдарының көлемі 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай 6,7 трлн теңгені құрады.