Еуразиялық банк 2025 жыл қорытындысы бойынша акционерлерге дивиденд төлемейді. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған аудиттелген қаржылық есепте айтылған.

2025 жылы банктің шоғырландырылған таза пайдасы 3,2 есе азайып, 25,4 млрд теңге болды. Негізгі себеп — таза пайыздық табыстың 46% төмендеуі. Бұл пайыздық шығынның 29,1% өсуі және пайыздық кірістің 6,9% қысқаруына байланысты. Сонымен қатар, комиссиялық табыс 49,6% азайып, қаржы құралдары бойынша шығын тіркелді.

Таза пайда азайған соң, жиынтық табыс минуста: 5,9 млрд теңге (бұрын 94,7 млрд теңге пайда болған). Акцияға шаққандағы табыс 3 944 теңгеден 1 210 теңгеге дейін төмендеді.

Активтер бір жылда 4,4% қысқарып, 2,98 трлн теңге болды. Ал несие портфелі 0,9% өсіп, 1,49 трлн теңгеге жетті. Активтердің азаюына банктердегі қаражаттың 2,6 есе қысқаруы және инвестициялардың күрт төмендеуі әсер етті. 2025 жылы банк ҚР Қаржы министрлігінің облигацияларын ұстамаған (2024 жылы — 20,8 млрд теңге). Сондай-ақ АҚШ, БРК және корпоративтік облигациялардағы салымдар да азайды.

Міндеттемелер 4,8% қысқарып, 2,59 трлн теңге болды. Клиенттердің депозиттері мен шоттары 5,7% азайған. Репо мәмілелері бойынша қарыз да төмендеген. Ал банктерден тартылған қаражат керісінше, екі еседен аса өсіп, 56 млрд теңгеге жетті.

Меншікті капитал 1,5% төмендеп, 392,8 млрд теңге болды. Бұл қаржы активтерін қайта бағалаудан болған теріс резервке байланысты. Бірақ бөлінбеген пайда 8,1% өсіп, 336,9 млрд теңгені құрады.

Еншілес компанияларды есептемегендегі таза пайда да 3,5 есе азайып, 24 млрд теңге болды. Банк 2025 жылы Өзбекстандағы қызметін тоқтатты, сондай-ақ кейбір еншілес компанияларын жою туралы шешім қабылдады.

Банктің жалғыз акционері — «Еуразиялық қаржы компаниясы». 2026 жылы акционерлер құрамында өзгерістер болды: Шухрат Ибрагимов 30% үлеспен кірді, ал Мукадасхан Ибрагимованың үлесі азайды. Александр Машкевичтің үлесі мұрагерлеріне өтті.