Салтанат Игенбекова, Арсен Сариев — Halyk Finance Талдау орталығы
2025 жылдың қаңтар–маусым айларында Қазақстандағы негізгі капиталға салынған инвестиция 19,3% өсті.
Бұл көрсеткіш 2025 жылдың наурызынан бастап инвестициялық белсенділіктің артуымен жалғасып отыр. Мемлекеттік бюджет қаражаты мен жеке құрылыс компаниялары қаражатын есептемегенде, инвестиция өсімі 8,4%-ды құрады. Ал 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында инвестиция 3,5% төмендеген болатын, бірақ сол жылдың соңында күрт өсу байқалды. Қазіргі өсімнің себептері – төмен база әсері, бюджеттік сектордағы инвестициялардың айтарлықтай артуы және инфрақұрылымдық бағдарламалар аясындағы мемлекеттік инвестициялардың кеңеюі.
2025 жылдың алғашқы жартысында инвестициялардың негізгі көзі ретінде шаруашылық субъектілерінің меншікті қаражаты қалуда. Дегенмен, олардың үлесі 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы 71,9%-дан 64,6%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, инвестиция құрылымында бюджет қаражатының үлесі өсіп отыр: 2024 жылы 14,6% болса, 2025 жылы 21,9%-ға жетті. Ал несие ресурстарының үлесі азайып келеді, бұл өз кезегінде инвестициялардың көлемі мен өсу қарқынына кері әсер етеді.
Осылайша, 2025 жылы мемлекеттік инвестиция жеке инвестицияларды ішінара алмастырып жатыр. Айта кету керек, меншікті қаражат есебінен жүзеге асырылған инвестициялар құрамына мемлекеттік компаниялардың қаражаты да кіреді, ал бұл қаражаттар шын мәнінде квазимемлекеттік сипатқа ие.
2025 жылдың алғашқы жартысында инвестиция өсіміне ең көп үлес қосқан – өңдеуші өнеркәсіп. Бұл салаға бағытталған инвестициялар ел экономикасындағы жалпы инвестициялардың 12,4%-ын құрады. Өңдеуші өнеркәсіптегі инвестиция 48,9% өсті (2024 жылдың 1-жартысында 9,4%). Бұл өсім негізінен химия өнеркәсібі (+79,4%), азық-түлік өндірісі (+48%) және кокс өндірісі (+167,5%) есебінен қамтамасыз етілді. Өңдеуші өнеркәсіптегі инвестициялардың едәуір бөлігі металлургияға (23%) тиесілі, мұнда өсім – 4,0%. Электр және сумен жабдықтау салаларында да айтарлықтай өсім байқалады – тиісінше 49,6% және 49,9%, бұл 2024 жылғы төмен база әсерімен де түсіндіріледі (-0,5% және -5,4%). Бұл секторлардағы инвестициялардың 47%-ы мемлекеттік қаржыландыру арқылы жүзеге асырылды, бұл мемлекет рөлінің айқын артуын көрсетеді.
Жалпы, өңдеуші сектордағы инвестициялық белсенділік мұнай өндірудің артуымен, ірі инфрақұрылымдық жобалармен және мемлекеттік шығындардың ұлғаюымен қолдау тапты.
Бұған қарама-қарсы, тау-кен өндіру секторындағы инвестиция төмендеуді жалғастыруда. Бұл салада 2024 жылы инвестициялар 31% қысқарған, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында тағы 17,9% азайды. Бұл, негізінен, мұнай-газ саласындағы ірі жобалардың (әсіресе Теңіз кен орнын кеңейту жобасының) аяқталуымен байланысты.
Транспорт саласында инвестициялар 16,2% артты. Ауыл шаруашылығындағы динамика тұрақсыз: 2024 жылы бұл саладағы инвестициялар 24,5% азайса, 2025 жылдың бірінші жартысында 26,5% өсті. Бұл өсім нақты даму емес, алдыңғы құлдыраудың орнын толтыру деп бағалануы мүмкін.
Ең ірі инвестициялық үлесті алатын жылжымайтын мүлік секторы (19,8%) өсімді жалғастыруда – 11,0% өсті. Бұл сектор инвестициялары ішкі тұтыну мен әлеуметтік даму үшін маңызды болғанымен, экономиканың ұзақ мерзімді өсуіне әсері шектеулі. Сонымен қатар, білім беру саласындағы инвестициялар 3,5 есе өсті, бұл мектептер құрылысына арналған мемлекеттік бағдарламамен байланысты.
Салалық құрылым тұрғысынан алғанда, тау-кен секторындағы қысқару нәтижесінде жылжымайтын мүлік секторы негізгі үлеске ие болды (19,8%). Білім беру секторының үлесі 7,5%-ға дейін ұлғайды. Электр және сумен жабдықтау секторларының үлесі де 10,2%-ға жетті. Бұл коммуналдық қызмет сапасы мен сенімділігі үшін маңызды. Бірақ, өңдеуші сектордың инвестициялық үлесі (12,4%) әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Бұл сектор – экономиканы жаңғырту мен өнімділікті арттырудың кілті.
Инвестициялардың мақсаттық құрылымына келсек, ең үлкен үлесі (67,4%) ғимараттар мен құрылыстардың құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Бұл шығындардың басым бөлігі инфрақұрылым мен әлеуметтік жобалар аясындағы мемлекеттік қаржыландырудан алынған.
Ал жабдықтарға салынған инвестициялар көлемі 28,2% болса да, бұл көрсеткіш 10,6% төмендеді. Бұл — шикізат секторындағы жобалардың аяқталуымен және экономиканың технологиялық жаңғыруындағы баяу ілгерілеумен байланысты.
Жалпы мынп үрдістерді атап өтуге болады:
- Мемлекеттің инвестициялық процестегі рөлі артып отыр. Бұл – мемлекеттік инвестициялар көлемінің өсуімен және жеке сектордың шектеулі белсенділігін ішінара өтеп отырғанымен сипатталады.
- Алайда, бюджеттік табыстардың шектеулілігі мемлекет үшін инвестициялық шығындарды кеңейту мүмкіндігін тежейді.
- Жеке инвестиция баяу өсуде. Бұған жоғары инфляция, қатаң ақша-несие саясаты мен теңге бағамының тұрақсыздығы секілді макроэкономикалық қауіптер әсер етуде.
- Инвестициялық климатты жақсарту – әлі де маңызды міндет. Бұл – отандық және шетелдік инвесторлар үшін де өзекті. Инвестициялық белсенділікті шектейтін негізгі факторлар: мемлекеттің экономикадағы үлкен үлесі; институционалдық тосқауылдар; банктердің жеке жобаларды қаржыландыруға қатысуының әлсіздігі.
- Қосымша тежеуші факторлар: бизнестің қарыз жүктемесінің жоғары болуы және қаржы институттарының талаптарына сай келетін, жетілдірілген инвестициялық жобалардың жетіспеушілігі.