Ұлттық банктің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен қаулыларымен және Қаржы министрінің бұйрығымен 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап республикада кәсіпкерлік субъектілерінің банктік шоттарынан қолма-қол ақша алу қағидалары енгізіледі.

Қағидаға сәйкес, уәкілетті орган кәсіпкерлер үшін шоттардан қолма-қол ақша алудың шекті мөлшерлерін, сондай-ақ осы шектерден асатын сомаларды алу шарттарын белгілейді:

  • шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 20 млн теңге;
  • орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 120 млн теңге;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 млн теңге.

Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілері қолма-қол ақша алу туралы бекітілген нысандар бойынша есеп беруге міндетті.

Атап айтқанда, кәсіпкерлер банктік шоттардан қолма-қол ақша алу мақсатын растайтын құжаттарды қоса ұсынуы тиіс. Оларға шарт, бұйрық, өкім, шығындар сметасы, шот-фактура, төлем шоты, төлем ведомосы, сот шешімі, инвойс, сатып алу актісі және сатып алу ведомосы жатады.

Нысанда қолма-қол ақша алу үшін нақты код көрсетілуі қажет: жалақы төлеу, іссапар шығындары, тауарлар үшін төлем, есеп беретін тұлғаларға аванс, жалдау ақысын төлеу, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жеке тұлғалармен есеп айырысу және тағы басқа (барлығы 15 код).

Сондай-ақ кәсіпкерлер Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) деректерді беруге келісім беруі тиіс.

Өзінің банктік шотынан қолма-қол ақша алу үшін кәсіпкерлер банкке тиісті өтінім ұсынады. Өз кезегінде банк өтінім берілген күннен кейінгі жұмыс күні Астана уақытымен сағат 10:00-ден кешіктірмей МКК-ге ақшаны алу мақсатын растайтын электрондық құжаттарды, өтінімді және өзге де құжаттарды жолдайды.

МКК келесі жұмыс күнінің соңына дейін банкке электрондық түрде белгіленген шекті мөлшерлерден асатын сомада қолма-қол ақша беруден бас тартуға негіз болуы мүмкін тәуекелдердің бар-жоғы туралы мәліметтерді жібереді.

Сонымен қатар банктер өткен бір ай ішінде жиынтық түрде 10 млн теңгеден асатын қолма-қол ақша алу операциялары туралы ақпаратты Ұлттық банкке ай сайын ұсынуға міндетті.