2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша банк секторының активтері негізінен өтімді активтердің 25,0 трлн теңгеге дейін 1,2% төмендеуі есебінен биыл ақпанда 0,1% азайып, 70,0 трлн теңге болды.

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 20,8 трлн теңгені немесе активтердің 29,6%-ын құрады, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банк секторының міндеттемелері клиенттердің қаражатты операциялық және инвестициялық мақсаттарға пайдалануына байланысты 2026 жылғы ақпанда заңды тұлғалар салымдарының 1,6% төмендеуі есебінен 0,5%, 59,0 трлн теңгеге дейін азайды. Банк секторының міндеттемелері құрылымында 79,9%-ды немесе 47,2 трлн теңгені құрайтын негізгі үлесті клиенттердің салымдары алады.

Банктердің меншікті капиталы 2026 жылғы ақпанда 2,2%, 11,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды. 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 20,5%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,2%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2026 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 389 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы ақпанға қарағанда 13,4% аз. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 4,0%-ды (2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша – 4,1%), капиталдың рентабельділігі (ROE) 26,9%-ды (2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша – 27,7%) құрады.