2025-2026 жылдар аралығында Алматыда 311 электромобильдерді қуаттау бекеті ашылуы керек. Егер жоба толық іске асса, қаладағы қуаттау бекеттері 600-ден асады. Олар 8 385 электрлі көлікке (2025 жылдың 1 сәуірі) қызмет көрсетеді. Бұл жайлы «Такси Қазақстан 2025» форумында «Алматы ӘКК» АҚ жобалар департаментінің директоры Ұлан Өсербаев айтып берді. 

Қуаттау бекеттерін салу үшін инвесторлар арасында конкурс өткізілген, 311 жер учаскесі ойнатылды.  Талап бойынша, бір учаскеге кем дегенде 10 млн теңге инвестиция салынуы керек. 

«Қазір алты жеңімпаз анықталды. Олардың қатарында ірі компания өкілдері де, қызметін жаңа бастаған, нарықтағы орнын тауып жатқан шағын кәсіпорындар да бар. Жоспар бойынша, жоба 2025-2026 жылы пайдалануға берілуі керек», – деді Ұлан Өсербаев.

Қуаттау бекеттерінің басым көпшілігі орталықтағы, инфрақұрылымы жақсы дамыған аудандарда орналасады. 

  • Алматы ауданы - 103
  • Медеу ауданы - 69
  • Бостандық ауданы - 49
  • Әуезов ауданы - 33
  • Алатау ауданы - 26
  • Жетісу ауданы - 15 
  • Түркісіб ауданы - 11
  • Наурызбай ауданы - 5

Спикердің түсіндіруінше, бекеттері аз орналасқан аудандардағы электромобиль иелері көліктерін үйде қуаттағанды дұрыс көреді. 

«Басқа аудандарда да жұмыс істейміз, бірақ ол жерлерде көбіне жеке сектор бар, ал автокөлік иелері көліктерін үйде зарядтайды. Сол себепті бұл аудандарда қоғамдық электрозаряд бекеттеріне қажеттілік жоқ» дейді ол. 

Қазақстандағы қуаттау бекеттеріне арналған EvPoint порталының дерегінше, елде қуаттау бекеттері көбейіп жатыр. 2024 жылдың қарашасындағы олардың саны 464 болса, осы жылы қарашада 691-ге жетті.