2030 жылға қарай Қазақстандағы зейнетақы активтерінің 20-30%-ы жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) басқаруына берілуі мүмкін. Бұл ретте жеке компаниялар тек өз қызметін таңдаған салымшылардың қаражатын ғана емес, Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтерінің бір бөлігін де алады. Бұл туралы Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) 2026-2030 жылдарға арналған Қазақстанның капитал нарығын дамыту бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.
Жеке басқарушылар қалай таңдалады?
Ұсынылып отырған модель бойынша жеке басқарушы компаниялар зейнетақы активтерінің бір бөлігін конкурстық іріктеу нәтижесінде алады. Алғашқы кезеңде Ұлттық банк инвестициялық саясатты айқындау және тәуекелдерді бақылау құзыретін сақтап қалады.
2027 жылы басқарушы компанияларды іріктеудің бірыңғай ережелерін, инвестициялық мандаттарды, салыстырмалы көрсеткіштерді (бенчмарк) және бірнеше басқарушы компаниямен жұмыс істеу моделін әзірлеу жоспарланып отыр.
2027-2028 жылдары бұл тетік реттеушілік құмсалғыш аясында сынақтан өткізіледі. Кейін басқаруға берілетін активтердің көлемін, басқарушы компаниялардың санын және инвестициялық стратегияларды кезең-кезеңімен кеңейту көзделген.
Бастапқыда жеке компанияларға мемлекеттік бағалы қағаздар портфельдерін басқару сеніп тапсырылуы мүмкін. Кейін инвестициялық құралдар қатарына корпоративтік облигациялар, қазақстандық компаниялардың акциялары және басқа да активтер қосылады.
Басқарушы компаниялардың жұмысы инвестициялық табыстылығы, белгіленген бенчмарктерге сәйкестігі және тәуекелдерді басқару талаптарының орындалуы бойынша бағаланады. Егер компанияның нәтижелері төмен болса, оған берілген активтер көлемі қысқартылуы немесе басқа басқарушыға берілуі мүмкін.
Жеке басқарушылардың активтері қаншаға өсуі мүмкін?
БЖЗҚ деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қазанда Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтері 26,63 трлн теңгені құрады. Бұл қордағы жалпы активтердің (26,84 трлн теңге) 99,24%-ына тең.
Ал жеке басқарушы компаниялардың үлесіне небәрі 206 млрд теңгеден астам қаражат немесе жалпы активтердің 0,76%-ы тиесілі болды.
Егер 2030 жылға қарай зейнетақы активтерінің 20-30%-ы жеке басқарушыларға берілсе, олардың басқаруындағы портфель көлемі шамамен 5,37-8,05 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Бұл қазіргі көрсеткіштен 26-39 есе көп.
Осылайша, алдағы бірнеше жылда жеке инвестициялық басқарушылар нарығы айтарлықтай кеңеюі ықтимал. Дегенмен бұл әзірге жоспарланған модель. Нақты көлемі басқарушыларды іріктеу тәртібіне және бағдарламаның жүзеге асырылуына байланысты болады.