Қазақстан Үкіметі ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспар аясында 2026 жылдың желтоқсанына қарай отандық өндірушілерді ішкі нарықта ілгерілету үшін QazTrade Retail онлайн-платформасы ашылады. Бұған республикалық бюджеттен 51,3 млн теңге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар дәл осы мерзімде Тауарлардың қадағалануының ұлттық жүйесі негізінде агромаркетплейс іске қосылмақ. Бұл платформа ЕАБР-дан алынған 1 млн доллар көлеміндегі қарыз есебінен, яғни жеке инвестицияларға құрылады.

Сонымен қатар қолданыстағы маркетплейстерде отандық азық-түлік өнімдерінің үлесін арттыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2026 жылы Қазақстанда жаңа «Жасыл сөрелер» жүйесі аясында сауда желілері мен базарларда пилоттық сауда нүктелері пайда болады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді арттырудың тағы бір мүмкіндігі — қоғамдық тамақтану және қонақүй бизнесі саласы. Сондықтан 2026 жылдың маусымына дейін HoReCa секторын қолдау бағдарламасын бекіту жоспарланып отыр, онда отандық өнім берушілермен өзара іс-қимыл тетіктері жазылады.

Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктері мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындар үшін өндірілетін өнімнің кемінде 50%-ын ішкі нарықта сату бойынша қарсы міндеттемелер енгізу қажеттілігіне талдау жүргізеді. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен шикізат өндірушілерді басымдықпен субсидиялау мәселесі де зерттеледі.

Өнімді сыртқы нарықтарда ілгерілету үшін Gulfood және China International Import Expo сияқты ірі халықаралық көрмелерге қатысатын қазақстандық өндірушілердің санын арттыру көзделген. Шикізаттық емес экспортты дамыту үшін 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттен 11,2 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдау шараларына көрмелерден бөлек, сауда-экономикалық миссиялар өткізу, ауыл шаруашылығы өндірушілерін кооперацияға және экспорттық маркетингке оқыту кіреді.

Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстан алғаш рет әлемдегі ең ірі Gulfood азық-түлік көрмесінде 30-ға жуық отандық компанияның қатысуымен Ұлттық павильон ұйымдастырды. Көрме Дубайда 26-30 қаңтар аралығында өтіп жатыр.

Сонымен қатар 2026 жыл бойы үкімет Қытай нарығына өсімдік шаруашылығы өнімдерін, ал Қытай мен Еуроодаққа мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу тізбегін кеңейту бойынша жұмыс істейді.

Айта кетсек, Сауда министрлігі мен «Қазақтелеком» бірлесіп фермерлерді, сауда желілерін және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды тікелей байланыстыратын агромаркетплейс әзірлеп жатқаны хабарланған еді. Жоба делдалдарды айналып өтіп, өнімді тікелей жеткізуге бағытталған. Платформаны 2025 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған болатын.