2025 жылы жиһаз өнімдерін өндіру көлемі 56,7% артып, 165,1 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы QazIndustry АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.

Жиһаз саласының жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 0,3%-ды, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 0,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер 2024 жылмен салыстырғанда жоғары (тиісінше 0,2% және 0,4%).

Сарапшылардың мәліметінше, нақты мәнде ең жоғары өсім кеңсеге арналған ағаш жиһаз өндірісінде (37,2%), асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһазда (18,5%) және металл қаңқалы арнайы отыруға арналған жиһаздардың (2,8%) өндірісінде байқалады. 

Сонымен қатар, жатын бөлмеге арналған өзге ағаш жиһаздар (кереуеттер мен шкафтарды қоспағанда) және ас үй жиһазы сегментінде өндіріс көлемі біршама төмендеген.

2025 жылы жиһаз өнімдерін ішкі тұтыну нарығының көлемі 670 млн долларға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 3%  өскен. Бұл ретте қазақстандық өндірушілер ішкі нарықтың 37,8%-ын қамтамасыз етті (бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 33,7% болған).

Саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 6,9 млрд теңгеден асты. Жиһаз өндірісіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастады – өңірде 4,8 млрд теңге инвестиция құйылып, республикалық жалпы көлемнің шамамен 70%-ын құрады. Қаражат негізінен кеңсе және саудаға арналған жиһаз өндірісіне бағытталды.

Қазақстандық жиһаздың шетелге сатылымы 4,7 есе өсіп, 72,2 млн доллар болды. Экспорттағы ең жоғары өсім өзге металл жиһазда (11,3 есе), металл қаңқалы отырғыш жиһаздың өзге түрлерінде (5 есе) және пластмассадан жасалған жиһазда (88,7%) тіркелді. Экспорттың негізгі бағыттары ТМД елдері болды.

QazIndustry мәліметінше, 2026 жылы еліміздің түрлі өңірлерінде жиһаз өндірісі бойынша сегіз жобаны іске қосу жоспарланған. Қазіргі уақытта Қазақстанда жиһаз және оған қажет құрамдас бөлшектер өндіретін 1800-ден астам компания тіркелген.