Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, тамыз айында тұрғын үй нарығындағы баға өсімі жалғасын тапты. Қайталама нарықта бір ай ішінде баға 1,2% көтеріліп, бір шаршы метрдің орташа құны 558,5 мың теңгеге жетті. Жылдық өсім 8,8%-ды құрады.
Жаңа үйлер нарығында да жағдай ұқсас – шілдемен салыстырғанда 1,9%, ал бір жылда 11,3% қымбаттап, орташа баға 538,5 мың теңге болды. Жалдау ақысы да өскен: бір айда 1,7%, жылдық есеппен 8,5% артып, шаршы метрі 4,6 мың теңгеге жетті.
Өңірлік көрсеткіштерге назар аударсақ, жаңа пәтерлердің бағасы ең жоғары қарқынмен Астанада (+3,9%), Ақтауда (+3,7%) және Оралда (+3,1%) көтерілді. Қайталама нарықтағы ең ірі өсім Өскеменде тіркелді (+5,1%), сондай-ақ Шымкентте (+3,7%) және Оралда (+3,2%) байқалды. Ал жалдау құны Түркістанда (+6,3%), Астанада (+3,1%) және Қарағандыда (+2,9%) айтарлықтай қымбаттады.
Алайда сарапшылардың айтуынша, бұл өсім жылжымайтын мүлікке салынған инвестицияны тиімді етпей отыр. Tengenomika сараптамасына сәйкес, 2023 жылғы қаңтардан бері жаңа үйлер 15,4%, қайталама нарықтағы пәтерлер 7,8% қымбаттағанымен, дәл осы кезеңдегі инфляция 28,9%-ды құрады. Демек, пәтер бағасы өсіп жатса да, оның табыстылығы инфляция қарқынынан қалып қойып отыр.