Зейнетақы қаражатына үй алудың тағы бір жолы пайда болуы мүмкін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың мәлімдеуінше, зейнетақы жүйесін реформалау аясында енді Сингапурдың зейнетақы моделі де қарастырылып жатыр. Оның айтуынша, бұл модель келесі аптада арнайы талқыланады.

«Біз әлі талқылап жатырмыз, өйткені Сингапурдың зейнетақы жүйесі бойынша қосымша ұсыныстар түсті. Келесі аптада дәл осы модель қаралады. Сингапурлық модельде де міндетті түрде зейнетақы жинақтары қалыптастырылады, бірақ жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігі қарастырылған», – деді министр.

Қазіргі уақытта министрлік сарапшылардың қорытындысын күтіп отыр. Осыдан кейін ұсыныстар жұмыс тобының қарауына енгізіледі.

«Қалай болғанда да, барлық ұсыныстың ішінен ең тиімді тұстарын таңдап, соның негізінде еліміздің зейнетақы жүйесін дамытудың түпкілікті пакетін әзірлейміз», – деді Асқарбек Ертаев.

Министр бұған дейін де екі модельдің талқыланғанын еске салды:

  • «4+1» моделі – жұмыс беруші төлейтін қосымша міндетті зейнетақы жарнасының 4%-ы қызметкердің жеке жинақ шотына, ал 1%-ы ортақ сақтандыру қорына аударылады.

  • Сақтандыру моделі – оны Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынып отыр. Бұл жағдайда барлық қосымша жарналар ортақ қорға жиналып, кейін зейнетақы төлемін алуға құқығы бар азаматтар арасында бөлінеді.