Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорытын деректеріне сәйкес, Ұлттық банк пен зейнетақы активтерін басқаратын жеке компаниялар 2026 жылдың қаңтарында 0,59%-дан 1,15%-ға дейінгі аралықта табыс көрсетті, ал бір айлық инфляция деңгейі 1%-ды құрады.

Halyk Global Markets қазақстандықтардың 8,2 млрд теңге зейнетақы жинағын басқарады. Қаңтар айында компания 100,89 млн теңге табыс тауып, қатысушылар арасында ең жоғары – 1,15% табыстылық көрсеткішін иеленді.

Екінші орында 15,7 млрд теңгені басқаратын Alatau City Invest орналасты. Компания бір айда 175,05 млн теңге табыс алып, табыстылығы 1,11% болды.

Бұдан кейін Сентрас Секьюритиз тұр. Компания 5,3 млрд теңге активке иелік етеді. Қаңтарда жеке басқарушы компания 47,2 млн теңге табыс тапты, табыстылығы 1,04% құрады.

Өз кезегінде Ұлттық банктің басқаруында қазақстандықтардың 25,4 трлн теңге зейнетақы жинағы бар. 2026 жылдың қаңтарындағы инвестициялық табыс көлемі 223,18 млрд теңгені, ал табыстылық – 0,87% құрады.

Табыстылығы бойынша келесі орында 11,7 млрд теңгені басқаратын BCC Invest тұрақтады. Жылдың алғашқы айында компания 90,95 млн теңге табыс алып, 0,8% табыстылықты қамтамасыз етті.

Басқарудағы қаражат көлемі бойынша жеке басқарушылар арасында Halyk Finance бірінші орында – 53,8 млрд теңге. Алайда, 2026 жылдың бірінші айында компания клиенттер үшін тек 283,4 млн теңге тапқан, табыстылығы небәрі 0,59% болды.

Осылайша, активтер көлемі ең үлкен бола тұра, Halyk Finance жеке басқарушылар арасында ең төменгі пайыздық табыстылық көрсетті. Ал Halyk Global Markets қаражат көлемі ең аз болса да, табыстылық бойынша үздік нәтижеге қол жеткізді.

Сондай-ақ, қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы айлық инфляция 1% деңгейінде қалыптасқанын атап өту керек. Яғни, Қазақстандағы зейнетақыны басқарушы алты субъектінің тек үшеуі ғана өз клиенттеріне нақты табыс әкелді. Олар: Halyk Global Markets, Alatau City Invest және Сентрас Секьюритиз. Қалғандары, соның ішінде Ұлттық банк те, іс жүзінде теріс нақты табыстылық көрсетті.