Қазақстан Үкіметі зейнетақы жарналарын төлеуді бақылаудың жаңа ережелерін бекітті. Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, зейнетақы аударымдары бойынша берешек сомасы 6 АЕК-тен (25,9 мың теңге) асып кетсе, азаматтардың банк шоттары бұғатталуы мүмкін.
Мемлекеттік кірістер комитетінің айтуынша, бұл жаңашылдық қарызды өндіріп алу шараларын жеңілдетеді және шоттар бұғатталғаннан кейін де бизнестің қызметін жалғастыруына мүмкіндік береді, деп жазады Курсив.
Қазақстанда зейнетақы аударымдары бойынша қанша борышкер бар?
МКК деректері бойынша, міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешегі бар 133 338 төлеуші және агент (қызметкерлер жұмыс істейтін интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар операторлары) бар. Жалпы қарыз сомасы 534,5 млн теңгені құрайды, яғни, орташа есеппен әр кәсіпорынға шамамен 4 мың теңгеден келеді.
Олардың ішінде 98 397 төлеушінің, немесе 73,8%-ының берешегі алты АЕК-тен (25,9 мың теңге) аз. Олардың жалпы қарыз сомасы 380,2 млн теңгені құрады. Бұл орташа есеппен бір кәсіпорынға 3,9 мың теңгеден келеді.
98 397 төлеушінің басым бөлігі – тек бизнес иесінің өзі жұмыс істейтін, қызметкерлері жоқ компаниялар.
«Осылайша, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек негізінен жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлға басшысының өзіне қатысты болып отыр, бұл өз кезегінде жұмысшылардың мүдделеріне нұқсан келтірмейді», – деп нақтылады комитет өкілдері.
Басқаша айтқанда, олардың қарыздарының басым бөлігі жалдамалы қызметкерлер үшін жарна төлемеумен байланысты емес. Алайда, қалған 34,9 мың зейнетақы бойынша борышкер (жалпы санның 26,2%-ы) жаңа шекке келмейді.
Шоттар қашан бұғатталуы мүмкін?
Жаңа қарыз шегі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі: мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары тек 6 АЕК-тен асатын қарыз болған жағдайда ғана қолданылады.
Өндіріп алу тетігі келесідей жұмыс істейді: қарыз 25 950 теңгеден асса (2026 жылғы АЕК есебі бойынша), салық органы бес жұмыс күні ішінде қарыз туралы хабарлама жібереді.
Егер қарыз хабарлама алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде өтелмесе, банк шоттары мен касса бойынша шығыс операциялары тоқтатылуы мүмкін.
МКК сондай-ақ, төлеушінің немесе агенттің банк шоттары бойынша операцияларды әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сомасы шегінде ғана тоқтататынын түсіндіреді.
«Бұл шара кәсіпкердің қызметін толық тоқтатуды болдырмауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ведомстводағылар.
Сондай-ақ, бұл норма заңды тұлғаларға, олардың бөлімшелеріне, ҚР-да тұрақты мекемесі бар резидент еместерге, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қатысты екені айтылған.
Жаңа ережелер не үшін қажет?
Қазір тіпті 1 теңге қарыз үшін де шот бұғатталады, ал жаңа тәсіл шамадан тыс жазалау шараларынан бас тартуды көздейді.
Комитеттің пікірінше, мұндай жүйе микробизнеске түсетін қысымды азайтады; ұсақ сомалар үшін шоттарды бұғаттамауға мүмкіндік береді; жұмысшылардың мүддесіне әсер ететін ірі борышкерлермен жұмыс істеу үшін ресурстарды босатады.
«Бұл шара микробизнес субъектілеріне әлеуметтік төлемдер бойынша мардымсыз берешек болған жағдайда банктік шоттарға шектеу қойылмай, қызметін жалғаструға мүмкіндік береді», – деді ведомство өкілдері.