«Отбасы банк» 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге өтінімдер қабылдауды тоқтатады. Банктің хабарлауынша, осы күнге дейін берілген өтінімдер жұмысқа қабылданады.
Бұл шешім Денсаулық сақтау министрлігі 3 желтоқсанда бекіткен зейнетақыны емделуге пайдалану ережелерінің өзгеруіне байланысты қабылданды. Енді зейнетақы артық төлемдерін тек стоматологияға ғана емес, сонымен қатар офтальмологиялық қызметтерге де жұмсауға болмайды.
Тіркелген өтінімдер
Қазіргі уақытта банкте «офтальмология» бағыты бойынша 13,3 млрд теңге сомасына 15,8 мың өтінім тіркелген. Оның ішінде 4,6 млрд теңгені құрайтын 5 мың өтінім бойынша құжаттар тексеріліп жатыр. Ал 8,7 млрд теңгеге тең 10,6 мың өтінім бойынша қосымша растау қажет.
Банк күдікті жағдайларды да анықтаған: әртүрлі клиенттер бір клиникамен келісімшарт жасасқанымен, құжаттарда клиникалардың әртүрлі мекенжайлары көрсетілген.
Сонымен қатар қазақстандықтар зейнетақы қаражатын орфандық ауруларды емдеуді, реконструктивті операцияларды, радиойод және протонды терапияны қоса алғанда, өмірлік маңызы бар және қымбат тұратын басқа да емдеу түрлеріне пайдалануды жалғастыра алады. Жалпы, бағдарлама әлі де жұмыс істеп тұр.
Айта кетсек, зейнетақы ақшасын тіске жұмсауға тыйым салынғаннан кейін халық жаппай көз емдей бастаған еді. Қазан айында азаматтардан көз ауруларын емдеу мақсатында зейнетақы жинағынан біржолғы төлем жасау туралы 15,4 мың өтініш орындалған.