Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану мүмкіндігіне емінде жарты жылдан кейін ғана қайта ие болады. БЖЗҚ-дан қаражат алуға өтінім қабылдау 12 қаңтарда тоқтатылған болатын. Отбасы банкі КТК телеарнасына берген түсініктемесінде мұндай шешімнің не себепті қабылданғанын түсіндірді.

Банк басқармасының төрайымы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, бұған enpf-otbasy.kz порталы арқылы радиохирургия қызметіне өтінімдердің күрт көбеюі себеп болған. Бұрын мұндай өтініштер айына 10-нан аспайтын болса, өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басында олардың саны аномальды деңгейге жеткен. 12 қаңтарға қарай 7 мыңнан астам өтінім жиналып қалған.

«Біз 12 қаңтар күні сағат 19:00-де өтінім қабылдауды тоқтаттық, өйткені порталда радиохирургияға сұраныс тым көбейіп кетті. Қазір азаматтардан «біз шынымен емделгіміз келген еді» деген өтініштер көп түсіп жатыр. Біреу анасын гамма-пышақ немесе кибер-пышақ арқылы емдетпек болған. Біздің позициямыз мынадай: әрине, емнің кейбір түрлерін қайтару керек, бірақ бұл процесс толықтай ашық болуы тиіс», – деп мәлімдеді Ибрагимова КТК эфирінде.

Оның айтуынша, өтінімдер көбейгеннен кейін Отбасы банкі қызметкерлері осы операциялар жасалуға тиіс делінген клиникаларды тексерген. Нәтижесінде, кейбір медициналық ұйымдарда қажетті жабдық та, бейінді мамандар да жоқ екені анықталды. Тіпті, клиникалардың бірі көрсетілген мекенжайда мүлдем табылмаған.

Енді банк Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, мұндай медициналық мекемелерді лицензиялау тәртібін қайта қарамақ. Ибрагимованың сөзінше, содан кейін ғана зейнетақы жинағын емделуге (стоматология, көз емдеу, онкологиялық және орфандық аурулар, сондай-ақ жекелеген оталар) пайдалану мүмкіндігі қайтарылуы мүмкін. Болжамды мерзім — 6 айдан 9 айға дейін.

Отбасы банкі басшысы зейнетақы ақшасының нақты мақсаты бар екенін және ол ең алдымен зейнетке шыққандағы табысты қамтамасыз етуі керек екенін баса айтты.

«Бұл — мақсатты ресурстар екенін түсіну керек. Бұл сіздің 63 жастан кейінгі лайықты зейнетақыңызға көмектесетін жинақтар. Бірақ сонымен бірге, ауырып қалған жағдайда немесе тұрғын үй мәселесін шешу үшін оларды пайдалануға рұқсат берілді. Алайда, мониторинг барысында көрген заңсыздықтар бізге, банк ретінде, тәуекелдерді басқару жүйесі тұрғысынан бұл операцияларды жалғастыруға жол бермейді», – деп түсіндірді Ибрагимова.

Жаңа ережелер қабылданып, бақылау күшейтілгенге дейін зейнетақы жинағын емделуге пайдалану үшін өтінім қабылдау жабық күйінде қалады.

Айта кетсек, 2026 жылғы 12 қаңтардың кешінен бастап қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделу ақысын төлеуге уақытша өтінім бере алмайды.

Бұған дейін халық зейнетақы ақшасын пластикалық операцияға алып жатқаны хабарланған еді. 2025 жылдың қараша айында реконструктивті және қалпына келтіру операцияларын – яғни, пластикалық операцияларды төлеу мақсатында бірыңғай зейнетақы төлемдеріне қатысты 2 277 өтініш орындалған. Орындалған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 2,1 млрд теңгені құрады. Өткен аймен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен 33 және 39 есе өскен. Содан кейін Отбасы банк зейнетақы жинағындағы артық ақшаны пластикалық операцияға жұмсауға тыйым салды

15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының «артық» бөлігін тіс емдеуге пайдалана алмайтын болған еді.

Содан кейін 2025 жылдың қыркүйегінде офтальмологиялық қызметтерді төлеу үшін 1,4 млрд теңге көлемінде 1611 өтінім орындалды. Бұл тамызбен салыстырғанда 5,8 есе көп, ал сома жағынан өсім 7 есеге жеткен. Соңғы 12 айдың орташа көрсеткішімен салыстырғанда да рекордтық өсім байқалды — тиісінше 7,9 және 9,3 есе жоғары.

Ал қазан айында  азаматтардан көз ауруларын емдеу мақсатында зейнетақы жинағынан біржолғы төлем жасау туралы 15,4 мың өтініш орындалды. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда шамамен 10 есе көп, ал 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы орташа көрсеткіштен 73 есе жоғары. 

Отбасы банкі 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге өтінімдер қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Банк осы күнге дейін берілген өтінімдер жұмысқа қабылданатынын мәлімдеді.

Ал 2025 жылдың желтоқсан айында радиохирургиялық емдеу әдістерінің ақысын төлеу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға арналған 7154 өтінім орындалды. Орындалған өтінімдердің жалпы сомасы шамамен 5,6 млрд теңгені құрады