Жатақхана ала алмаған кей студенттерге 100 мың теңгеден беріледі

Қазақстанда студенттердің жекелеген санаттарына жатақханада тұру шығындарын өтеуге арналған өтемақы қарастырылған. Төлем мөлшері жылына 29 АЕК-ке дейін, яғни 100 050 теңгені құрайды.

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасында айтты.

Өтемақыны мына санаттағы студенттер ала алады:

  • ата-анасынан айырылған балалар;

  • I және II топтағы мүгедектігі бар студенттер;

  • бала кезінен мүгедектігі бар студенттер.

Акерке Абылайханның айтуынша, төлем тек бірінші курс студенттеріне ғана берілмейді.

«100 050 теңге мөлшеріндегі қаражат тек бірінші курста ғана емес, екінші және үшінші курстарда да беріледі. Бұл қолдау осы санаттағы студенттерге бағытталған», – деді ол.

Осылайша, белгіленген талаптарға сәйкес келетін студенттер оқуын бірнеше жыл жалғастыру барысында жатақханада тұру шығындарының өтемақысын ала алады.

Үкімет мәліметінше, бұл төлемді жалпы 7 145 студент алуы тиіс.