Миллионға жуық отбасы мұқтаж отбасы санатынан шығарылды

Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау және еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Жарты миллионға жуық отбасы мұқтаж отбасы санатынан шығарылды

«Отбасының цифрлық картасы» жүйесіне 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған 20 млн-нан астам азамат пен 6,2 млн үй шаруашылығы туралы мәлімет енгізілген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 480 355 отбасының тұрмыс жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған. 2026 жылдың басынан бері бұл санатқа тағы 464 158 отбасы өткен.

Әлеуметтік төлемдердің 14 түріне өзгеріс енгізіледі

Әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру аясында әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты өзгерістер жәрдемақының 36 түрінің 14-іне ғана әсер етеді. Қалған 22 түрі бойынша қолданыстағы тәртіп сақталады.

Ал көмекке мұқтаж азаматтар үшін мемлекеттік қолдау шаралары толық көлемде жалғасады.

Жәрдемақыдан онлайн бас тартуға болады

Еңбек министрлігі eGov Mobile қосымшасында әлеуметтік жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисін іске қосуды ұсынды. Бұл мүмкіндік тұрмысы жақсы азаматтарға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, төлемнен онлайн бас тартуға жол ашады.

Сондай-ақ азаматтардың отбасы әл-ауқатын бағалау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде жұмыс істейтін калькулятор әзірленеді. Үкімет екінші деңгейлі банктердің деректерін «Отбасының цифрлық картасына» біріктіруді жеделдетуді тапсырды.

Әлеуметтік көмек шаралары оңтайландырылды

Жергілікті атқарушы органдар ұсынатын 66 әлеуметтік көмек шарасы қайта қаралды. Нәтижесінде қайталанатын 38 шара оңтайландырылып, қалған 28 шара бірыңғай тағайындау критерийлері бар 13 бағытқа біріктірілді.

Бірыңғай цифрлық платформа іске қосылғаннан бері жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асатын 55 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 1,8 млрд теңгеден астам сомаға өтініштер мақұлданған.

Еңбек заңнамасын бұзу тәуекелі бар кәсіпорындар анықталды

Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы арқылы 10 және одан көп қызметкері бар 99 мыңнан астам кәсіпорын бақыланып отыр.

  • Қазіргі уақытта:
    2 792 кәсіпорынның тәуекел деңгейі жоғары;

  • 3 137 кәсіпорынның тәуекел деңгейі орташа деп бағаланған.

Анықталған тәуекелдер қатарында міндетті жарналар мен аударымдарды уақытында төлемеу, жалақы мөлшеріне қатысты заң талаптарын бұзу және еңбек қауіпсіздігі мәселелері бар.

Әлеуметтік көмек тағайындауда жасанды интеллект қолданылады

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде компьютерлік көру технологиясы учаскелік комиссиялардың қорытындыларын азаматтардың тұрғылықты жеріне бармай-ақ салыстыруға мүмкіндік береді.

Бұл технология арқылы 183 мыңнан астам өтініш өңделген. Жүйенің дәлдігі 89%-дан асады. Алайда жасанды интеллект қорытындысы ұсынымдық сипатқа ие, ал әлеуметтік көмек тағайындау туралы түпкілікті шешім белгіленген тәртіппен қабылданады.

Премьер-министр әлеуметтік қолдау жүйелерін біріктіріп, цифрлық шешімдерді дербес деректерді қорғау талаптарын сақтай отырып енгізуді тапсырды.

Үкіметтің мәлімдеуінше, реформаның негізгі мақсаты — мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету тәртібі сақталады.