2026 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша, Қазақстанда материалдық әл-ауқаты жоғары отбасылардан шыққан 552 мың адам мемлекеттік әлеуметтік төлемдер алады. 2027 жылдан бастап оларға мемлекеттік жәрдемақының 36 түрінің 14-ін төлеу шектелуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, А санатына жататын 77 мың адам, ал В санатындағы 475 мың адам әлеуметтік жәрдемақы алады. Бұл көрсеткіш ай сайын өзгеріп отырады. Сондықтан жаңа тәртіп күшіне енген кезде төлемдері шектелетін азаматтардың нақты саны 2027 жылғы 1 қаңтарға қарай белгілі болады.
Қазір Қазақстанда жалпы 3,2 млн адам мемлекеттік жәрдемақының 36 түрін алады.
А санатына кімдер жатады?
А санаты материалдық әл-ауқаты жоғары отбасыларды қамтиды. Отбасы осы санатқа жатуы үшін төмендегі белгілердің кемінде екеуіне сәйкес келуі керек:
Отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 356 мың теңгеден жоғары болуы;
Әр адамға шаққанда жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үй нысанының болуы;
Ірі бизнесі, екі немесе одан да көп орта кәсіпорны не үш және одан да көп шағын кәсіпорны болуы;
Люкс санатындағы автокөлігінің болуы;
Ауыл шаруашылығымен айналысатындарға 300 гектардан астам жер тиесілі болуы;
Мал шаруашылығымен айналысатындарға 500 бастан астам малы болуы.
Министрдің мәліметінше, Қазақстанда А санатына жататын 329 мың үй шаруашылығы бар. Бұл елдегі отбасылардың жалпы санының шамамен 5%-ын құрайды.
В санатына кімдер кіреді?
В санатына жоғары білікті мамандар, топ-менеджерлер мен орта буын басшыларының отбасылары жатқызылуы мүмкін.
Негізгі белгілері:
Отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 305–356 мың теңге аралығында болуы;
Әр адамға шаққанда ауданы 60–120 шаршы метр аралығындағы бірнеше жылжымайтын мүлік нысанының болуы;
Премиум санатындағы автокөліктердің болуы;
Бір орта кәсіпорны немесе екі шағын кәсіпорнының болуы;
Жүк көлігі, ауыл шаруашылығы техникасы немесе жалпы ауданы 50–300 гектар жерінің болуы.
Қазақстанда В санатына шамамен 1 млн үй шаруашылығы немесе отбасылардың 16%-ы жатады.
Ал С, D және E санаттарындағы үй шаруашылықтарының саны шамамен 4,8 млн.
Қандай жәрдемақыларға шектеу қойылады?
2027 жылдан бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 14-іне мұқтаждық критерийі енгізіледі.
Олардың қатарында:
балаларға арналған жекелеген төлемдер;
мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақылар;
күтімге байланысты төлемдер;
асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар;
жерлеуге арналған төлемдер;
арнайы мемлекеттік жәрдемақылар бар.
А және В санаттарындағы отбасылар үшін осы төлемдерді алу мүмкіндігі шектеледі. Ал С, D және E санаттарындағы отбасылар оларды бұрынғы тәртіппен ала береді.
Қалған 22 түрлі мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгермейді.