Жаңа көлік 15% қымбаттайды - сатушылар

1 қыркүйектен бастап автокөліктерді өз бетінше импорттауды күрделендіретін шаралар енгізілуі мүмкін. Үкімет басшысы маусым айында тиісті кешенді ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын. Алайда нақты ережелер әлі жарияланған жоқ.

Осыған байланысты 11 тамызда өткен баспасөз мәслихатында жеке импорттаушылар (сұр немесе параллель дилерлер) жоспарланып отырған өзгерістерге алаңдаушылық білдірді.

Олардың айтуынша, жаңа талаптар күшіне енсе, шетелден әкелінетін көліктерді рәсімдеу шығындары айтарлықтай өседі. Нәтижесінде автокөліктердің, оның ішінде электромобильдердің бағасы шамамен 15% қымбаттауы мүмкін.

Импорттаушылардың мәліметінше, қазір көліктерді Бірыңғай кедендік тариф бойынша 15% мөлшерлемемен және 16% ҚҚС төлеу арқылы рәсімдеуге болады. Ал жаңа тәртіпте жеке тұлғалар үшін жолаушылар кедендік декларациясы ғана қалса, көлікті жеке пайдалану үшін рәсімдеу тарифтері 48%-дан жоғары деңгейге дейін жетуі ықтимал. Бұл көрсеткіш көліктің жасына және қозғалтқыш көлеміне байланысты өзгеруі мүмкін.

Сонымен қатар, импорттаушылар мемлекет тарапынан өтпелі кезең қарастырылмағанын айтып отыр. Олардың пікірінше, шетелден көлікке алдын ала тапсырыс берген азаматтар жаңа талаптар енгізілген жағдайда күтпеген қосымша шығындарға тап болуы мүмкін.

Баспасөз мәслихатында импорттаушылар кедендік баждарды төмендетуді, электромобильдерді рәсімдеудің баламалы тетіктерін сақтауды және мәселе бойынша қоғам, бизнес пен сарапшылардың қатысуымен ашық талқылау өткізуді ұсынды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта мемлекеттік органдар жоспарланып отырған шектеулердің нақты мазмұнын ресми түрде жариялаған жоқ. Шектеулердің кімдерге қатысты болатыны, нақты қандай талаптар енгізілетіні және олардың қашан күшіне енетіні туралы толық түсіндірме әзірге берілген жоқ.