2026 жылдың басынан бері жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі 70,8% өсіп, 1 қыркүйекте 151,3 млрд теңгеге жетті. Жыл басында бұл көрсеткіш 88,6 млрд теңге болған. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) деректерінде көрсетілген.
Жеке басқарушылар арасында ең ірі портфель Halyk Finance компаниясына тиесілі. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша оның басқаруындағы зейнетақы активтері 77,6 млрд теңгені құрады. Бұл жеке басқарушылар нарығының 51,3%-на тең. Жыл басынан бері компанияның активтері 54,1% өсті.
Екінші орында Alatau City Invest тұр. Компанияның портфелі 24,1 млрд теңгеге жетіп, жыл басынан бері 61,6% ұлғайды. Нарықтағы үлесі – 15,9%.
Үшінші орында «Сентрас Секьюритиз» компаниясы орналасқан. Оның басқаруындағы зейнетақы активтері қаңтардағы 4,4 млрд теңгеден қыркүйекте 22,6 млрд теңгеге дейін өсті. Компанияның нарықтағы үлесі 5%-дан 14,9%-ға жетті.
Одан кейін BCC Invest (19,6 млрд теңге) және Halyk Global Markets (6,6 млрд теңге) орналасқан.
Tansar Capital компаниясының басқаруындағы активтер де өсті. 2026 жылғы 1 мамырда оның портфелі 49,4 млн теңге болса, кейінгі төрт айда шамамен 15 есе артып, 743,7 млн теңгеге жетті.
Ұлттық банктің үлесі басым
Қазақстан Ұлттық банкінің басқаруындағы зейнетақы активтері жыл басындағы 25,1 трлн теңгеден 27 трлн теңгеге дейін өсті. Дегенмен жалпы зейнетақы активтеріндегі үлесі қаңтардағы 99,65%-дан қыркүйекте 99,44%-ға дейін төмендеді.
Жеке басқарушыларға зейнетақы жинақтарының аз бөлігі ғана тиесілі болғанымен, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында олардың активтері айтарлықтай өсті.
Зейнетақы жинақтарын басқару тәртібі өзгерді
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға бере алады. Бұған дейін бұл шектеу 50% болған.
Жеке басқарушылардың мақсаты – зейнетақы активтерін әртүрлі қаржы құралдарына инвестициялап, табыс табу. Алайда инвестициялық кірістілікке кепілдік берілмейді.