2026 жылдың бірінші жартыжылдығында реттеушілік шектеулердің әсерінен бөлшек несие нарығының өсуі баяулаған. Бұл туралы Қазақстан қаржы қауымдастығы шолуында атап өтті.
Жылдың алғашқы алты айында мойнында несиесі бар азаматтардың үлесі 88,6%-дан 87,1%-ға дейін азайған. Яғни, егер елдегі экономикалық белсенді халық саны 9,83 млн десек, несиесі жоқ адамдар саны 147,5 мыңға көбейген.
Бөлшек несие портфелі жыл басынан бері 4,3% өсті. Бір жыл бұрынғы кезеңде бұл көрсеткіш 9,1% болған.
Нарықтағы негізгі қысқару жаппай кепілсіз несие сегментінде байқалды. Бұл бағыттағы өтінімдер саны бір жылда 11,9% азайған.
Бөлшек несие бойынша өтінімдер санының жалпы төмендеуінің 95%-ы кепілсіз несие сегментіне тиесілі.
Жалпы, бөлшек несие өнімдеріне өтінім саны екінші жыл қатарынан қысқарып, бір жылда 11,5% төмендеді.
Кепілсіз тұтынушылық несиенің бәсеңдеуі ипотеканың бөлшек несие нарығындағы үлесін арттырды.
Бірінші жартыжылдықта ипотеканың бөлшек несие портфелі өсіміне қосқан үлесі 46,6%-ға жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 21,7% болған.
Ал кепілсіз несие үлесі 36%-дан 32%-ға дейін төмендеді.
Бұл ретте ипотекаға өтінімдер саны да 13,4% азайған. Автонесиеге өтінім саны 9% қысқарды.
Ал жылжымайтын мүлікті кепілге қойып алынатын тұтынушылық қарыздарға сұраныс керісінше 83,3% өскен. Сарапшылар мұны төмен салыстырмалы базамен және маркетингтік акциялардың қолдауымен байланыстырады.