Үздік жұмыс беруші кадрды қалай ұстап қалады?

Үздік жұмыс беруші кадрды қалай ұстап қалады?

Назарбаев Университетінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы адами капиталды басқару саласындағы ең ірі Human Capital Forum 2026 форумы өтті. «Paryz» жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы мен Қазақстан HR менеджерлері қауымдастығы ұйымдастырған форумның биылғы тақырыбы – «Факт күші. Деректен – іске».

Форум аясында Paryz Bridge зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздің үздік жұмыс берушілері марапатталды. Бұл – Қазақстандағы HR саласында осы уақытқа дейін жүргізілген ең ауқымды зерттеулердің бірі. Зерттеу барысында 100-ден астам компания, экономиканың 8 саласы қамтылып, еліміздің барлық өңіріндегі 150 мыңнан астам қызметкердің дерегі талданды. Алғаш рет қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасы, кәсіби күйзеліс деңгейі, жұмыс берушіге деген сенімі және HR жүйелерінің даму деңгейі салалар бойынша сараланып ұсынылды.

Зерттеу қорытындысы бойынша «Қаржы және бизнес қызметтері» аталымында Halyk Bank үздік жұмыс беруші атанды.

Банк Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мукушев бұл марапат бірнеше жыл бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін айтты.

«Бұл марапат – бір жылдың емес, бірнеше жылдық еңбектің жемісі. Біз адамдармен жұмыс істеуге, корпоративтік ахуалды жақсартуға, қызметкерлердің құзыреттерін дамытуға және корпоративтік мәдениетті нығайтуға тұрақты инвестиция жасап келеміз. Әрбір қызметкер өзін банктің ортақ нәтижесіне үлес қосып жатқанын сезінуі үшін жағдай жасадық. Бүгінгі бірінші орын – осы жұмыстың нақты нәтижесі», – деді ол.

Нариман Мукушевтің айтуынша, банкте қызметкерлер мен басшылық арасындағы ашық диалогқа ерекше мән беріледі.

«Бізде негізгі бағыттардың командалары тоқсан сайын банк басшылығымен кездеседі. Олар атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарларын таныстырады. Сонымен қатар өздерін толғандырған мәселелерді ашық көтеріп, қажетті қолдау туралы айта алады. Осындай тұрақты кері байланыс командалардың тиімді жұмыс істеуіне және банктің тұрақты дамуына ықпал етеді», – деді Нариман Мукушев.

Форумда сөз сөйлеген Қазақстан HR менеджерлері қауымдастығы Үйлестіру кеңесінің президенті Гүлмира Раисова зерттеуді әзірлеу мен жүргізуге тоғыз ай уақыт кеткенін айтты.

«Зерттеу төрт түрлі дереккөзге негізделді: халықтың пікірі, HR-процестердің жетілу деңгейі, қызметкерлердің пікірі және HR-метрикалар. Зерттеу моделін әзірлеуге және оны толық жүргізуге тоғыз ай уақыт жұмсадық. Бастапқыда жұмысты екі-үш айда аяқтаймыз деп жоспарлаған едік. Алайда деректерді жинау мен оларды тексеру күткенімізден әлдеқайда күрделі әрі көп еңбекті қажет етті», – деді Гүлмира Раисова.

Оның айтуынша, зерттеу нәтижелері қызметкерлерді компанияда ұстап қалуға қатысты қалыптасқан түсінікті өзгертті.

«Көпшілік қызметкерлерді ұстап қалудың басты жолы – жалақыны көтеру деп есептейді. Алайда 47 мың қызметкердің пікіріне сүйенген зерттеуімізде жалақы төртінші орында ғана тұр. Бірінші орында – басшыға деген сенім, екінші орында – компания ішіндегі коммуникация, ал үшінші орында – қиын жағдайда жұмыс берушінің қолдауы. Демек, қызметкерлерді компанияда ұстап қалуда шешуші рөлді басқару мәдениеті мен басшыға деген сенім атқарады», – деді ол.