Қаржы министрлігі Ұлттық қорға түскен қаражат пен оның пайдаланылуы туралы есепті жариялады. 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанның Ұлттық қорындағы қаражат көлемі 39,74 трлн теңгеден асты.

1 қаңтарда бұл көрсеткіш 39,64 трлн теңгені (2025 жылдың 9 айындағы инвестициялық табысты ескергенде) құраған болатын, яғни Ұлттық қор бір ай ішінде 93,2 млрд теңгеге ұлғайды.

Қаңтар айында Ұлттық қорға 323,2 млрд теңге түсті, оның ішінде:

183 млрд теңге – корпоративтік табыс салығы;

131,9 млрд теңге – пайдалы қазындыларды өндіру салығы;

7,7 млрд теңге – жасалған келісімшарттар бойынша өнімді бөлу жөніндегі Қазақстанның үлесі.

Мұнай секторынан басқа операциялар бойынша түсімдер 176,9 млн теңгені құрады. Сонымен қатар республикалық меншікті жекешелендіруден 27,8 млн теңге түскен.

Бұл ретте бір ай ішінде Ұлттық қордан 230 млрд теңге пайдаланылды. Бұл соманың барлығы кепілдендірілген трансферт ретінде республикалық бюджет шығыстарына бағытталды.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылдың басында Ұлттық қордың көлемі 34,7 трлн теңге болған еді. Бір жыл ішінде қорға 10,21 трлн теңге түсіп, одан 5,3 трлн теңге алынды. Осылайша, қор активтері 4,9 трлн теңгеге артты. Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылдың 9 айында Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табыс 6,44 трлн теңгені құраған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың көлемі бүкіл кезеңдегі инвестициялық табыс туралы нақты деректер шыққаннан кейін қайта есептелуі мүмкін.