Автор: Жәния Әбдібек

Теңге соңғы бір жылда 15% құнын жоғалтты. Теңге құлдыраған сайын билік пен қаржыгерлер фундаменталды факторлар ретінде мұнай бағасы, импортқа тәуелділік, рубльдің арзандауы секілді классикалық себептерді айтады. Бірақ көпшілік мән бере бермейтін тағы бір фактор бар. Ол ресейлік жеке тұлғалардың Қазақстанның қаржы нарығына қатысуы — қазақстандық банктерден жаппай есепшот ашуы мен екі арасындағы ақша аударымдары. Мәселенің масштабы қандай және оны шектеу мүмкін бе?  

ЖСН — ресейліктердің Қазақстанға «терезесі»

Ресейдің банк секторына Батыс елдері санкциялар салып, халықаралық төлем жүйелері теріс айналғаннан кейін шетелге саяхаттап, қызмет ақысын, интернет дүкендерден зат алып, емін-еркін ақша жаратуға үйренген ресейліктердің жолы жабылды. Олар проблемадан айналып өтетін жолды көп іздеген жоқ. Көрші Қазақстанның банктері қолжетімді балама бола алды. Жүйелері  ұқсас, бәрі орысша және комиссиясы арзан. Тек ЖСН ашсаң жеткілікті. Әскери операция басталғалы бері 700 мыңға жуық Ресей азаматы Қазақстанның ЖСН алған. Ең көп көрсеткіш 2022 жылы тіркелген — 281 мың Ресей азаматы, 2023 жылы — 181 мың,  2024 жылы — 233 мың ресейлік Қазақстанның ЖСН-ға ие болған. Ресейліктер қазақстандық банктерден шот ашып, шетелге ақша аударып, инвестициялық және өзге де операцияларын жасап жүр. Мұндағы теңге үшін проблема — шетелмен қаржы операцияларын жүргізу үшін олар Қазақстаннан еуро немесе доллар сатып алады. Экономистер ресейліктердің валюталық операциялары теңге бағамына қысым көрсетуде деп отыр.  

«Келген ресейліктер қарапайым халық емес екені түсінікті, көпшілігі қалталы азаматтар. Шетелде емін-еркін жүріп, қалағанын сатып ала алатын ақшалы кісілер. Олар қазақстандық есепшоттары арқылы рублін теңгеге айырбастап, доллар сатып алады. Сәйкесінше ел ішінде долларға деген сұранысты өсіреді. Естеріңізде болса, өткен жылы «Газпромбанкке» қатысты санкциядан кейін теңгенің құны бірден түсіп кетті. Менің пайымдауымша, бұл сол Қазақстан ЖСН алған ресейліктердің ықпалынан болуы мүмкін. Олар теңгедегі есепшоттарына долларды ылғи сатып алып отырады. Жалпы айтқанда,  «ұйқыдағы сұраныс» деуге де болатын шығар. Кез келген санкция немесе геосаяси оқиға болған кезде, белсенді түрде доллар сатып алуға кіріседі. Мысалы, таңғы 9-да санкция жарияланса, түске дейін долларды талап алып, сұранысты өсіріп жібереді. Бұл теңгеге қосымша қысым тудырып, құлдыратып жатыр», — дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Бұған дейін ЖСН-ді ресейліктер Қазақстанға келмей-ақ, Ресейдегі Қазақстанның елшіліктері арқылы ала алатын. Алайда биылғы 1 қаңтардан бастап бұл қызмет шектелді. Ал, ЖСН барлар Freedom Bank, Kaspi Bank, Home Credit Bank, Jusan Bank,Евразийский банк, Halyk Bank, ForteBank, банк «ЦентрКредит Банкі» және Altyn Bank секілді қаржы институттарынан есепшот ашып, карта ала алады. Ол үшін ЖСН, паспорт, жергілікті байланыс нөмірі секілді қарапайым құжаттар жеткілікті.

Сондай-ақ, қазақстандық банктер ресейліктерге қашықтан есепшот ашатын қызметін тоқтатты. Қазақстандық банктердің сайттарында резидент еместерге шот ашу үшін жеке қатысу міндетті делінген. Десе де, салалық телеграм-арналарда шот ашуды ұсынатын делдалдардың жарнамалары қаптап жүр. Қызмет 12-50 мың рубль аралығында.

Аударымдардың 87%-ы Ресейге тиесілі

Ұлттық банктің мәліметінше, халықаралық ақша аударым жүйелері арқылы 2024 жылдың  қараша айында 62 млрд теңге ақша өтсе, оның 97%-ы шетел асқан. Шетелге аударылған ақшаны үштен бірі Ресейге жөнелтілді. Ақшаның көпшілік бөлігі АҚШ долларымен (барлық аударымдардың 62%-ы)  аударылған. Ал жарты жылдық мерзімді алып қарасақ, Қазақстаннан халықаралық ақша аударым жүйелері арқылы 383,8 млрд теңге шетелге аударылса, соның 87%-ы ресейлік «Золотая корона» арқылы жіберілген.  

«Ресейліктер Қазақстанға ақша аударып, валюта сатып алады. Біз бұны бұрын да көргенбіз. Ресейде доллар 100 рубльге дейін көтерілген кезде ресейліктер доллар мен еуро көптеп сатып алды, онлайн және айырбас нүктелерінен қолма-қол ақша да алып кетті. Жалпы, Ресейге салынған санкциялар көбейген сайын және РФ валюталық табысы азайған сайын Қазақстанда валютаға деген сұраныс өсе бермек. Тиісінше, біздегі валюта курсы да жоғары болады. Шекарадағы кеденнің жоқтығын, бірыңғай экономикалық кеңістік және капитал мен адамдардың еркін айналымын ескерсек, Ресейде жағдай нашарлаған сайын, Қазақстанға да кері ықпалы ұлғаяды», — дейді экономист Мұрат Қастаев.

Рубльге тәуелді теңге

ЖСН мен аударымдардан бөлек, ҚР мен РФ арасында сауда және экономикалық байланыстарды да айта кету керек. Қазақстанның сыртқы саудасының үштен бірі Ресейге тиесілі. Қазақстанда тіркелген ресейлік компаниялардың саны 23 мыңға жуықтады, оның 4 мың соңғы бір жылда ашылған. Ресейдің корпоративті секторы Қазақстанда еншілес компаниясын ашып алып, жұмысын жүргізіп отыр. Олар да доллар сатып алатын санатқа кіреді.

«Егер Қазақстан мен Ресей арасындағы ақша айналымы тек рубль және теңгемен жүргізілсе, валюта бағамына әсері болмас еді. Бірақ рубль де, теңге де толыққанды мықты валюта емес, сыртқы факторларға тәуелді, және орта-ұзақ мерзімде әлсіреуі мүмкін. Ерте ме, кеш пе екеуінің біреуі шамадан тыс көбейіп, қатты валютаға конвертация жасауға тура келеді», — деп атап өтті Мұрат Қастаев.

Қазір Қазақстан ресейліктердің қаржы қызметтерін толық болмаса да, ішінара шектеуге тырысып жатқаны байқалады. Бұл қайталама санкцияның алдын алу мақсатында жасалып отыр деп түсінуге болады. Мысалы, Ұлттық банк валюта сатып алуға талапты күшейтіп, заңды тұлғаларға 50 мың доллардан жоғары сатып алуға шектеу қойды.

Қорыта айтқанда, Ресей азаматтарының қазақстандық банктерге жүгінуі көбеймесе, азаймайтыны анық. Қай жағынан болсын, Қазақстан ресейліктер үшін ең жақын әрі тиімді нарық болып тұр. Алайда, ресейліктерге қаржылық қызмет көрсететін қазақстандық банктердің АҚШ-тың қайталама санкциясына түсу қаупі жоғары. Бүгінде қазақстандық сегіз компанияға қайталама санкция салынған. Сол себепті, «қазанның қақпағын қараусыз қалдырудың» төл теңгеміз және жалпы экономикамыз үшін пайдасынан зияны көп болмақ.