Қазақстандық сақтандыру компаниясы Freedom Insurance АҚ бірегей жобаға қатысушы атанды – тұрғын үйді eGov Mobile мемлекеттік сервисі арқылы сақтандыру мүмкіндігі іске қосылды. Енді онлайн қызметтерге қол жеткізе алатын кез келген Қазақстан азаматы сақтандыру компаниясының кеңсесіне немесе ресми сайтына кірмей-ақ, электрондық мемлекеттік қызметтер платформасы арқылы мүлікті ерікті сақтандыру және азаматтық-құқықтық жауапкершілік бойынша сақтандыру полисін рәсімдей алады.
Қазіргі кезеңде сақтандыру полисі тұрмыста жиі кездесетін негізгі тәуекелдерді қамтиды. Олардың қатарында өрт, жарылыс және тұрғын үйді су басу сияқты жағдайлар бар. Сақтандыруды жазылым форматында рәсімдеуге болады, ай сайынғы сақтандыру жарнасы 1500 теңгені құрайды. Сақтандыру жағдайы орын алған кезде тұрғын үй иесіне 500 000 теңгеге дейін төлем беріледі. Оның 250 000 теңгесіне дейінгі бөлігі сақтанушының өз шығындарын өтеуге бағытталады, ал қалған сома егер оқиға сіздің тұрғын үйіңізден туындаса, көршілердің мүлкіне келтірілген залалды өтеуге жұмсалады.
Қазіргі уақытта бұл қызмет биылғы жылдың 26 қаңтарынан кейін тұрғын үй иесі атанған Қазақстан азаматтарына қолжетімді. Меншік құқығына қатысты барлық құжаттар рәсімделгеннен кейін, тұрғын үй иесі eGov Mobile қосымшасы арқылы сақтандыру полисін рәсімдеу туралы хабарлама алады. Сақтандыруды рәсімдеу бірнеше минутты ғана алады және толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады.
Жобаны іске асырудың келесі кезеңінде сақтандыру полисін жылжымайтын мүлікке бұрыннан иелік етіп келе жатқан Қазақстан азаматтары да рәсімдей алады.
Қызмет арқылы жылжымайтын мүлікті сақтандыру үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
- eGov Mobile мобильді қосымшасына авторизациядан өту;
- «Хабарламалар» – «Ескертулер» бөліміне өту;
- «Tumar Home» сақтандыруы туралы хабарламаны таңдап, сервис картасын ашу;
- дербес деректерді өңдеуге келісім беру;
- сақтандыру полисін рәсімдеу үшін қажетті мәліметтерді толтыру;
- ұсынылған сақтандыру компанияларының бірін таңдау;
- сақтандыру жарнасын төлеу.
Төлем жасалып, сақтандыру рәсімделгеннен кейін полис қосымшадағы құжаттарыңыздың арасында көрсетіледі. Егер сақтандыру жағдайы орын алса (өрт, жарылыс, тұрғын үйді су басу), электрондық сақтандыру полисінде көрсетілген сақтандыру компаниясына хабарласу қажет.
«Бұл жоба – елдегі сақтандыру қызметтерін белсенді цифрландырудың тікелей нәтижесі. Енді қазақстандықтар өз қажеттілігінен туындайтын тұрғын үйді сақтандыруды сенімді мемлекеттік онлайн-сервис арқылы рәсімдей алады. Бұл қызмет азаматтар үшін сақтандыруды қолжетімді етіп, тәуекелдерден қорғануды жеңіл әрі ыңғайлы етеді. Алдағы уақытта қызмет одан әрі дамып, азаматтарға сақтандыру қызметтерінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Freedom Insurance АҚ басқарма төрағасы Азамат Керимбаев.
Жоба «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бастамасымен және «Tumar» сақтандыру брокері» ЖШС-мен бірлесіп іске асырылды.