Қазақстанда көлік қызметтерінің көлемі жыл басынан бері 20% өсті және көлік саласы қазіргі уақытта экономиканың драйвері саналады. Қазіргі ауқымды инфрақұрылымдық инвестициялар болашақта Қазақстанға жүк транзитінің көлемі бойынша ТОП-10 елдің қатарына кіруге көмектеседі. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.
Көлік министрлігінің басшысы бұрынғы уақытта тиімді географиялық орналасудың Жібек жолы арқылы табыс табуға көмектескенін атап өтті. Қазір құрылып жатқан инфрақұрылым тек қазір ғана емес, болашақ ұрпақтар үшін де мұра болады.
«Біз әлемдік ауқымдағы транзиттен ТОП-10 елдердің деңгейінде табыс аламыз. Болашақта Қазақстандағы транзиттен түсетін табыс деңгейі мұнайдан түсетін табыспен тең болады. Сондықтан қазір автомобиль және темір жолдарын, авиацияны дамытуға салынып жатқан ақшаның бәрінің ертең үлкен қайтарымы болады», – деді Сауранбаев.
Атап айтқанда, ол Достық-Мойынты екінші теміржол желісінің құрылысын атады. Оған 534 млрд теңге көлемінде несие бөлінген. Бұл қаражатты ҚТЖ 20 жыл ішінде қайтаруға тиіс, бұл ретте ұлттық компания жолдарды пайдалану арқылы өзі табыс табады, сондай-ақ тау-кен өндірісі және басқа да өнімдерді экспорттау мүмкіндігі есебінен экономикаға 4 трлн теңге түседі.
«Бес жыл ішінде бізде темір жолдағы құрылыс көлемі Тәуелсіздіктің алдыңғы жылдарынан да көп болады. Автожолдар құрылысының көлемі де жоғары», – деді министр.