Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына жауап беріп, Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салынатынын растады.
Ол 2019 жылы отандық үш ірі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында авиаотын өндірісінің көлемі 300 мың тоннадан 633 мың тоннаға дейін өсті, бұл әлем бойынша авиаотын өндіру технологиясының күрделілігіне байланысты екенін айта келе, 2020-2025 жылдар аралығында отандық өндірістегі авиаотын көлемі 633-тен 744 мың тоннаға дейін ұлғайды, бұл көлем қазақстандық авиакомпаниялардың және Бірыңғай оператордың (жылына 50 мың тонна) қажеттілігін 100 % қамтамасыз ететінін жеткізді.
«Жаңа авиаотын өндірісінің қуаты шетелдік транзиттік әуе көлігінің қажеттілігіне қарай, жылына шамамен 300 мың тоннаны құрауы қажет, себебі қазіргі уақытта олардың сұранысы импорт есебінен қамтамасыз етілуде. Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 шілдедегі № 549 қаулысымен 2025-2040 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес 2028-2030 жылдары алдын ала техникалық экономикалық негіздеме (pre-FEED), 2030-2032 жылдары жобалық сметалық құжаттама әзірлеу, 2032-2040 жылдары қуаты жылына 10 млн тонна жаңа мұнай өңдеу зауытын салу бойынша іс-шаралар көзделген», – деп жазылған премьер-министрдің жауабында.
Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасында біріктірілген мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін салу» (бұдан әрі – БМӨжМХК) жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін (pre-FEED) әзірлеуге арналған техникалық тапсырма жобасын әзірледі. Жобаға қатысушыларды айқындау және кемінде төрт әлеуетті орналасу орнын зерттеу бөлімдері енгізілген, оның ішінде Маңғыстау облысын да қарастыру жоспарлануда.
Жоба мұнайды терең өңдеу бойынша жаңа өндірістік қуаттарды енгізуді көздейді, бұл өз кезегінде ТС-1/Jet A-1 сапасындағы авиакеросин өндіруді қамтамасыз етеді.
«Сіздердің сауалдарыңызға сәйкес Маңғыстау облысында қуаттылығы жылына 5 млн тонна жаңа мұнай өңдеу зауытын салу алдын ала инвестиция тартуды талап етеді, сонымен қатар инвестицияның өтелуін қамтамасыз ету үшін авиаотынның өзіндік құны жоғары болатынын ескерген жөн. Осылайша, Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу «Қазақстан Республикасында біріктірілген мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін салу» жобасын іске асыру аясында қарастырылатын болады. Жалпы жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасы Үкіметтің және уәкілетті мемлекеттік органның тұрақты бақылауында», – делінген хабарламада.