Мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлұлы Шолпанқұлов берген өтінішіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Ақорда.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Шолпанқұлов Тоқаевтың Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында айтқан көрші елден қазақтандық банктің өзге елге 7 трлн теңге шығарғаны туралы айыбына қатысты екіұдай пікір білдірген еді.
«Президент атаған сома – банк операцияларының жалпы айналымы, сыртқа шыққан қаражаттың таза сомасы емес», — деген.
Алайда Шолпанқұлов президент сөзінен кейін тексеріс басталғанын, қазір жүріп жатқанын айтып, оның қорытындысы кейін жарияланатынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде өткізген жиында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен бірге коммерциялық банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.
«Жақында төраға Элиманов (ҚМА төрағасы — ред.) қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы «жөнелтілгені» туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал бүгін президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров бұған дейін қазақстандық банктердің бірі арқылы 7 трлн теңге аударылғаны туралы ақпаратқа пікір білдірген.
Айбек Смадияровтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілмеген ақпаратты жарияламайды.
«Егер ол транзакциялар (қаражат аударымы) 7 трлн теңге болғанын айтса, демек, солай болған. Бірақ бұл ақпарат Қаржы мониторингі агенттігінің ғимаратында өткен кеңеске қатысушыларға арналған, яғни кең қоғамдық талқылау үшін емес, қызметтік сипатта болды. Транзакциялар жүзеге асқан банк кім туралы сөз болғанын біледі», – деген президенттің кеңесшісі.
Сонымен қатар, Смадияров саяси орындылық пен дипломатиялық хаттамаға байланысты Президент қаражаттың шыққан елін де, қабылдаған елін де, сондай-ақ санкциялық режим жағдайында мұндай операцияларды жүргізген банктің атауын да әдейі атамағанын айтты.