1995 жылғы Конституция кезеңіндегі лауазым мерзімдері жаңа Конституция бойынша есепке алынбайды, дейді Конституциялық сот.
Қазақстанның Конституциялық соты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішіне ресми түсіндірме берді. Мемлекет басшысы 1995 жылғы Конституцияға сәйкес лауазым атқарып отырған тұлғалардың 2026 жылғы жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін сол лауазымдарға қайта сайлануы немесе тағайындалуы мүмкін бе деген мәселені көтерген.
Соттың түсіндіруінше, 2026 жылғы Конституцияда 1995 жылғы Конституция кезеңінде атқарылған өкілеттік мерзімдерін немесе сол кезеңдегі сайлану мен тағайындалу фактілерін есепке алуды көздейтін норма жоқ.
Осыған байланысты Конституциялық сот 1995 жылғы Конституция кезінде белгілі бір конституциялық лауазымды атқарған тұлғаның өзі бұл қызметке 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін қайта сайлануына немесе тағайындалуына конституциялық-құқықтық кедергі жоқ деген қорытындыға келді.
Соттың ресми түсіндіруіне сәйкес, 2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағында, 72-бабының 2 және 3-тармақтарында, 83-бабының 1-тармағында және 84-бабының 3-тармағында көрсетілген лауазымдарды 1995 жылғы Конституция негізінде атқарып отырған адамдар жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін сол қызметтерге қайта сайлана немесе тағайындала алады.
Сонымен қатар аталған конституциялық нормалардағы мерзімдік шектеулерді қолдану кезінде мұндай сайлау немесе тағайындау 2026 жылғы Конституция аясындағы алғашқы сайлану немесе тағайындалу ретінде есептеледі.
Еске салсақ, 2022 жылы қабылданған түзетулерден кейін 1995 жылғы Конституция бойынша Қазақстан Президенті бір ғана жеті жылдық мерзімге сайлана алатын. Ал 2026 жылғы жаңа Конституцияның қабылдануы нәтижесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы президенттік сайлауға тағы бір рет қатысуына құқықтық мүмкіндік пайда болды. Келесі президент сайлауы 2029 жылдан кешіктірілмей тағайындалуы тиіс.