Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен қорытынды отырысында мемлекет әлеуметтік мәртебені желеу етіп, бюджет қаражатын орынсыз жұмсамауы тиіс екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, бюджет қаражаты тиімді игеріліп, болашақ ұрпаққа берік негіз қалыптастыруға бағытталуы қажет.
«Ақша – уақытша ресурс, оның құны жыл сайын төмендей береді. Ал оны тиімді пайдалану нақты нәтижелерге қол жеткізіп, қажетті нысандар салуға мүмкіндік береді. Біз әлеуметтік мемлекетпіз деген желеумен қаражатты оңды-солды жұмсай алмаймыз. Болашақ ұрпаққа лайықты мұра қалдыруымыз керек. Мұндай көрегенсіз саясатты кейінгі ұрпақ түсінбейді әрі кешірмейді», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда базалық инфрақұрылымды ауқымды көлемде дамыту қажет екенін айтты.
Президенттің сөзінше, елде теміржолдар мен автомобиль жолдарын, әуежайларды, вокзалдарды, ірі су шаруашылығы нысандарын, өндірістік кәсіпорындарды және басқа да маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жоғары деңгейде салу міндеті тұр.
«Қазақстанда ауқымды құрылыстар неғұрлым көп болса, елдің өркендеуі де соғұрлым жоғары болады. Біз Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.