Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі.
«2019 жылдан бері экономикамыз 16% өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 трлн теңге, яғни 291 млрд доллар болады деп күтілуде, бұдан да асуы мүмкін. Бұл Қазақстанның біздің аймақтағы ең үлкен экономика екенін көрсетеді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47% артып, 14 400 долларға жетті. Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 млрд долларға жетті. Жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83% артып, бүгінде 142 млрд доллар болды», — деді президент.
Сонымен қатар президент бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржы үш есе артқанын айтты.
«Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Сондықтан біз осы жауапты, құрметті миссияны міндетті түрде орындаймыз. Әлеуметтік стратегиямыз тиімді, әділетті болуы керек… Бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржыны үш есе арттырдық. Ұстаздардың жалақысын екі есе ұлғайттық. Қазіргі таңда қоғамымызда мұғалім мамандығының мәртебесі анағұрлым көтерілді. 1200 жаңа мектеп аштық. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында көптеген білім ордасы бой көтерді. Ұлттық ғылымды қолдауға да мән беріп отырмыз. Бұл салаға салынған қаражат бес жылда 5 есе өсті. Шетелдің 33 беделді университеттерінің филиалы ашылды. Сондай-ақ ұлт саулығын жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылданды. 2020 жылдан бері медицина саласына бөлінетін қаржы 3 есе артты. 927 медицина нысаны ашылды. Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты», — деді ол.