Тоғыз айда сауда нысандарының саны 14% артты

Тоғыз айда сауда нысандарының саны 14% артты

INFOLine мамандары Қазақстанның тұтыну нарығын зерттеп, INFOLine Retail Kazakhstan TOP рейтингін жасады. 2025 жылдың басында елдегі дүкендер саны 200 мыңнан асып, бір жыл ішінде 14% өсті.

Елде барлығы шамамен 70 мың азық-түлік дүкені жұмыс істейді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 16% көп. Fashion-сегментке шамамен 45 мың сауда нүктесі тиесілі, ал тағы 85 мыңға жуық нон-фуд форматтар (дәріханалар, тұрмыстық тауарлар мен косметика дүкендері, сондай-ақ жанармай құю бекеттері) жатады. INFOLine сарапшылары Қазақстандағы ең ірі сауда желілерін талдап, 250 ірі ритейлердің операциялық және қаржылық көрсеткіштері бар база құрды.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың 9 айында Қазақстандағы бөлшек сауда айналымы шамамен 17,5 трлн теңгені құрады — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1% жоғары. Өсім сауда кәсіпорындары сатылымының 6,7%, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің нарықтағы айналымының 8,1% ұлғаюымен байланысты.

INFOLine сарапшылары жалпы оң динамикаға қарамастан, заманауи сауда форматтары мен желілердің дамуы баяу екенін атап өтті. INFOLine Retail Kazakhstan TOP-200 базасына енген 250 желі дүкендер санын небәрі 6% арттырған, ал ел бойынша жалпы сауда нысандарының саны 14% көбейген.

2025 жылдың соңында INFOLine ең жылдам өсіп жатқан желілер рейтингін жасады: Teez маркетплейсі 2025 жылдың 9 айында ел бойынша 65 тауар тарату пунктін ашып, олардың жалпы саны 100-ден асты. Дәріхана желілері де белсенді дамуда: елдегі дәрі-дәрмек сатылымының 50%-дан астамы дәл осы желілерге тиесілі. Үшінші тоқсан қорытындысы бойынша «Биосфера» және Zerde көшбасшылар қатарын нығайтып, тиісінше 43 және 54 жаңа дәріхана ашқан. Оларға «Рауза» желісі қосылып, сауда нүктелерін 50-ге көбейтті. Дискаунтерлер арасында Fix Price көш бастап тұр — дүкендер санын 370-ке (тағы +40) жеткізді. CU — Оңтүстік Кореяның ірі желісі, 2024 жылы алғаш рет Қазақстан нарығына кіріп, 45 сауда нүктесін, соның ішінде 25 дүкенді Алматыда ашқан.

Салық саясатының өзгеруі, сауда ережелерінің реттелуі және онлайн-сатып алулардың өсуі ритейлерлерді өз бизнес-модельдерін қайта қарауға және омниканалды стратегияларын күшейтуге итермелеуде.