Тобыл футбол клубы жеке меншікке өтті

Тобыл футбол клубы жеке меншікке өтті

«Олжа Агро» агрохолдингі Қостанайдың «Тобыл» футбол клубының құрылтайшыларының қатарына кіріп, оның жаңа иесі атанды. Бұл туралы клуб әлеуметтік желіде хабарлады.

«Олжа Агро» бас директоры Әлішер Ходжаназаровтың айтуынша, клубты басқарудың заманауи әрі тұрақты моделі қалыптастырылады. Басымдық инфрақұрылымды, академияны және жас футболшыларды даярлау жүйесін дамытуға беріледі.

Ходжаназаров «Олжа Агро» клубтағы қатысуын ұзақ мерзімді жоба ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Тобыл» ФК президенті қызметіне «Олжа Агро» бас директорының кеңесшісі Айдос Дүйсенбиев тағайындалды.

Тараптар жаңа заңды тұлға құрылғаны туралы ақпарат берген жоқ. 2026 жылғы 15 қыркүйектегі adata.kz деректеріне сәйкес, «Тобол» футбол клубы» қоғамдық қорының төрт құрылтайшысы бар. Олар — жаңа бас директор Айдос Дүйсенбиев пен Рүстем Догабаев. Екеуі 2026 жылғы 7 қыркүйекте бұрынғы екі құрылтайшының орнына енгізілген. Қалған құрылтайшылар — Ғабит Лесбеков пен Рома Шамилов.

Әлішер Ходжаназаров — «Олжа Агро» компаниясының тең құрылтайшысы. Ол Мәжілістің бұрынғы депутаты, Құрылтай депутаты, Respublica партиясының төрағасы әрі кәсіпкер Айдарбек Ходжаназаровтың інісі. Холдингтің екінші құрылтайшысы — Дінмұхамед Шахасанов.

Компания Қостанай облысында жұмыс істейді. Негізгі бағыттары — өсімдік шаруашылығы, ет және сүт өндірісі, астық пен майлы дақылдарды сақтау және экспорттау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру.

Бұған дейін жекеге өтсе де футбол клубтары әлі бюджеттен ақша алып отырғанын жазған едік.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы 156,9 млн теңгеге e-qazyna порталы арқылы сатылды. Бұл клубтың 224,1 млн теңге көлеміндегі бағалау құнынан шамамен 30% төмен.

2026 жылдың ақпанында Шымкент қаласының әкімдігі мен «Integra Construction KZ» ЖШС «Ордабасы» футбол клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойған еді. Компанияның бенефициарлық иесі – кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп.

Бұған дейіе «Атырау» футбол клубы 77 млн теңгеге сатылды.

Клуб едәуір жеңілдікпен сатылды, себебі бағалау бойынша оның нарықтық құны 250,8 млн теңгені құраған, бұл сатылған бағадан 3,2 есе жоғары.

Сатып алған — кәсіпкер Болат Қонарбай. Оның негізгі қызмет бағыттары — мұнай өндіру, теміржол тасымалы және логистика.

Ақмола облысындағы «Оқжетпес» футбол клубы да жекеге өткен. Атап айтқанда, «Оқжетпес» ФК қоғамдық қорын құру жөнінде шешім қабылданды. Қордың құрылтайшысы «Агрофирма «Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр болады. Ол өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен бірлесіп, ақмолалық футболға жүйелі қолдау көрсетеді.

Оған дейін Қарағандының Шахтер футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды.

Сондай-ақ Елімай футбол клубы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.

Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев Ақтөбе футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді.

Сонымен қатар Петропавлдың Қызыл-Жар футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады.

Қайсар футбол клубы да жеке басқаруға берілді. Клуб TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілді.

Сонымен қатар Астана футбол клубына да инвестор табылғаны хабарланды, бірақ туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов инвесторлардың бар екенін, алайда рәсімдер толық аяқталғанға дейін олардың атын атай алмайтынын айтты.