Тимур Турловтың құрылымы «Транстелеком» телекоммуникациялық компаниясын сатып алып жатыр. Бұған дейін компания акционерлері Директорлар кеңесінің жаңартылған құрамын бекіткен болатын. Бұл туралы Тимур Турловтың баспасөз қызметі НАРЫҚ тілшісіне айтты.
«Транстелеком» АҚ акционерлері Директорлар кеңесінің жаңартылған құрамын бекітті. Өзгерістер Тимур Турлов құрылымдарының компанияны сатып алуы процесінің басталуымен байланысты. Тараптар мәміленің негізі параметрлері бойынша келісімге қол жеткізіп, мемлекеттік реттеушілік мақұлдауларды алу кезеңіне көшеді. Компанияның одан әрі даму стратегиясын қарау кезеңі белгілі бір уақыт алады, сондықтан да бірінші кезеңде басқару тобында және қолданыстағы операциялық моделде өзгерістер жоспарланбайды», – деді баспасөз қызметі.
2025 жылғы 11 желтоқсандағы акционерлердің жалпы жиналысында «UnitTelecom» ЖШС өкілдері болатын Директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау, сондай-ақ «Транстелеком» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелеріне олардың міндеттерін орындағаны үшін сыйақы төлеудің шарттары мен шығындарды өтеу мөлшерін айқындау туралы шешім қабылданды.
Құжаттан Директорлар кеңесінің мүшелері Қайрат Балықбаев пен Андрей Марченконың өкілеттіктерін 2025 жылғы 5 мамырдан бастап тоқтату туралы; Директорлар кеңесінің құрамына Каспарс Кукелисті, Тимур Ысқақовты «UnitTelecom» ЖШС акционерінің мүддесін білдіруші ретінде сайлау туралы; Директорлар кеңесінің мүшелері Дмитрий Покупателев пен Вячеслав Аниховскийдің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, Директорлар кеңесінің құрамына Нұрлан Арынғазиевті (тәуелсіз директор, ДК төрағасы), Берік Өтемұратты (тәуелсіз директор), Әбділдин Сүйенішті (Басқарма төрағасы) сайлау туралы шешім қабылданғаны көрінеді.
Айта кетсек, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша «Транстелекомдағы» 75%-дық үлес «Unit Telecom» ЖШС-ға, ал қалған 25%-ы «Қазақстан темір жолы» АҚ-ға тиесілі.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында Ғалымжан Есеновке тиесілі Jusan Mobile бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі – Нұрәлі Әлиевке тиесілі болған Unit Telecom үлесінің 51%-ын сатып алған болатын. Нұрәлі Әлиевтің Unit Telecom капиталынан шығуын аяқтағаны 2025 жылдың тамызында хабарланды. Unit Telecom-ның белгілі бір үлесі Jusan Mobile-ден басқа Дмитрий Покупателевке де тиесілі болды.
Нұрәлі Әлиевтің «Транстелеком» АҚ-дағы үлесін сатуы туралы мәлімдемесінен кейін осы компанияның директорлар кеңесі жаңартылып, оның құрамына Jusan Mobile өкілдері кірді.
«Unit Telecom» компаниясы 2014 жылдың тамызында құрылған. Statsnet деректері бойынша, ол «интернет желісі арқылы телерадиобағдарламаларды таратумен» айналысады және Алматыда орналасқан. 2015 жылдың мамыр айында «Қазақстан темір жолы» «Транстелекомдағы» 49% үлесін ашық екі кезеңді конкурс нысанында өткізілген сауда-саттықта сатты. Мәміле сомасы 8,9 млрд теңгені құрады. Акциялар пакеті жекешелендіру бағдарламасы шеңберінде бастапқы бағадан 30%-ға артық бағамен сатылды. 2018 жылдың мамыр айында «Транстелеком» акцияларының тағы 26% пакеті минус бір акция ҚТЖ-дан 9,4 млрд теңгеге сатып алынды. Мәміле жекешелендірудің екінші толқыны аясында ашық екі кезеңді конкурс тәсілімен өткізілген сауда-саттықта жасалды.
«Jusan Mobile» АҚ байланыс операторы 2021 жылға дейін KazTransCom деп аталған. Kompra сервисінің 2025 жылғы 11 желтоқсандағы деректері бойынша, оператор Jusan Ventures-ке тиесілі, ол өз кезегінде иесі Ғалымжан Есенов болып табылатын жеке JV Holding LTD компаниясының бақылауында.
Тимур Турловтың портфелінде Freedom Holding Corp. арқылы қазірдің өзінде бір телеком-оператор — Freedom Telecom бар. Компания нарыққа 2023 жылы шықты. Холдингте мобильді оператор 2024, 2025 және 2026 жылдары шығынды болады және 2027 жылдан бастап пайдалы болады деп болжанған. Freedom Telecom-ға байланысты күрделі шығындар бес жыл ішінде шамамен 650 млн долларды құрайды деп ұсынылған болатын.