Thai AirAsia X (XJ) лоукост-тасымалдаушы Алматы – Бангкок (Дон Муанг) тікелей әуе рейсін іске қосты. Бірінші рейс жүктеудің жоғары көрсеткіші — 70%-ға қол жеткізді.
Thai AirAsia X жаңа бағыт бойынша Алматыдан Бангкокқа аптасына төрт рет (сейсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері) кең фюзеляжды Airbus A330 ұшақтарымен тікелей рейстерді жүзеге асырады. Бұл жаңа бағыт арқылы Thai AirAsia X Орталық Азия нарығына алғаш рет шықты.
«Алматы – Бангкок бағытының ашылуы Орталық Азияға кеңею аясында Thai AirAsia X үшін елеулі бизнес мүмкіндік. Тікелей әуе қатынасы Бангкокқа ыңғайлы әрі қолжетімді саяхаттарды қамтамасыз етеді. Бұл — виза рәсімдемей-ақ қаланы тамашалап, жарқын әсер ала алатын Қазақстан азаматтары үшін тамаша таңдау», – деді Thai AirAsia X компаниясының бас директоры Паттра Бусаравонгсе.
Тайланд астанасы Бангкок — әлемдегі ең жарқын әрі бірегей мегаполистердің бірі, кез келген саяхат стиліне сай келетін сауда, экономика және мәдениеттің динамикалық орталығы.
«Мен қазақстандықтарды Бангкокқа келіп, жаңа әсер алып, қыстың суығын Тайландтың жылулығына алмастыруға шақырғым келеді. AirAsia-ның ауқымды өңірлік және халықаралық желісінің арқасында туристер Пхукет, Краби және Чиангмай сияқты танымал бағыттарға, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия өңірі мен одан тыс жерлерге саяхаттарын оңай әрі жайлы жалғастыра алады», — деп қосты компания директоры.
Қазіргі уақытта Thai AirAsia X әуе компаниясы Бангкоктан (Дон Муанг) Токиоға, Осакаға, Нагояға, Саппороға және Сендайға (Жапония), Сеулге (Оңтүстік Корея), Делиге (Үндістан), Шанхайға (Қытай), Эр-Риядқа (Сауд Арабиясы) және енді Алматыға (Қазақстан) 11 Airbus A330-300 ұшағынан тұратын паркті пайдалана отырып, тікелей рейстер орындайды.