INPEX жапон компаниясы Орталық Азияда өндірілетін мұнайдың бір бөлігін елдің ішкі нарығына бағыттауға дайын екенін мәлімдеді.
Yomiuri басылымының хабарлауынша, INPEX Қазақстандағы Қашаған кен орны және Әзербайжандағы Азери–Чыраг–Гюнешли жобаларында үлеске ие. Бұған дейін бұл кен орындарынан алынған мұнай негізінен спот жеткізілімдер арқылы Еуропаға жөнелтіліп келген.
Негізгі назар Қазақстандағы Қашаған кен орнына аударылып отыр — мұнда өндіріс көлемі тәулігіне шамамен 430 мың баррельге жетеді.
Қазіргі таңда Жапония мұнайдың 90%-дан астамын Таяу Шығыстан импорттайды. Токио Ормуз бұғазы жабылып қалу қаупінен қауіптеніп, жеткізілімдерді әртараптандыруды стратегиялық бағыт ретінде қарастыруда. Қазақстан мен Әзербайжан мұнайы сапасы жағынан Таяу Шығыс мұнайына ұқсас болғандықтан сенімді балама ретінде қарастырылады.
Қазақстаннан мұнай жеткізу 35–55 күнді, ал Әзербайжаннан 25–50 күнді алады. Салыстыру үшін, Парсы шығанағынан танкерлер шамамен 20 күнде жетеді. Яғни, Қазақстаннан жеткізу ұзақ әрі қымбатырақ, бірақ Жапония үшін маңыздысы тұрақтылық.
Жапония бұған дейін де Орталық Азия мен Оңтүстік Америкадан мұнай сатып алған, сондай-ақ АҚШ-тан импортты арттырып жатыр. 2025 жылы америкалық мұнай Жапония импортының 3,8%-ын құрады. Енді Қазақстан Токионың жаңа энергетикалық стратегиясындағы негізгі серіктестердің біріне айналуы мүмкін.