ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңдеу өнеркәсібі саласында мемлекеттік қолдау алушылардың қарсы міндеттемелеріне қатысты қағидаларға өзгерістер енгізді. Жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді. 

Жоғары аудиторлық палата өткен жылы мемлекет өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыру арқылы индустриялық кәсіпорындарға қаншалықты тиімді қолдау көрсететінін тексерді. 

«Аудит барысында экспорт көлемінің ұсынылған мемлекеттік қолдау көлемінен кем болмауы керек екені жөніндегі өнім экспортына қойылатын талаптар компанияларды экспорт көлемін ұлғайтуға ынталандырмайтыны анықталды. Егер кәсіпорында қажетті көрсеткіштер болса, кредит бойынша келісім талаптарына сәйкес келу үшін оған өсуге ұмтылудың қажеті жоқ еді», – делінген палата хабарламасында.

Аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата қарсы міндеттемелер қағидаларын қайта қарауды тапсырды. Нәтижесінде Министрлік қажетті өзгерістер енгізді. 

«Түзетулер сапалы өсуді ынталандыруға бағытталған. Кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау шарттарына формальды түрде сәйкес келу үшін ең төмен деңгейді ұстап қана қоймай, экспортты ұлғайту тиімдірек болады.  Бұл жағдай елдің, әсіресе өңдеу өнеркәсібінің жалпы экспорт көлемін ұлғайтуға; мемлекет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, өйткені шын мәнінде дамып келе жатқан және экспортқа бағдарланған компаниялар қолдау алады;  жүйені нақты өндірістік көрсеткіштерге бағыттауға көмектеседі», – делінген баспасөз хабарламасында.