Қазақстанда ет қымбаттауының басты себебі – жем-шөп бағасының күрт өсуі. Ауыл шаруашылығы сарапшысы Төлеутай Рақымбековтің есебі бойынша, 1 келі сиыр етінің нақты өзіндік құны шамамен 4 мың теңге, деп жазады eldala.kz.

Еттің қымбаттау себебі — шөп бағасы

Сарапшының айтуынша, ірі қара мал өсірудегі негізгі шығын — жем-шөпке кететін қаржы.

«Сиырды екі жыл өсіру үшін 10 тонна шөп қажет. Жаз айларында бір тонна шөптің орташа бағасы 50 мың теңге болды. Демек, бір бас малға тек шөптің өзіне 500 мың теңге жұмсалады. Ал оның сойғандағы салмағы шамамен 177 келі. Сонда тек шөп шығынының өзі 1 келі етке шаққанда 2 825 теңгеге тең», — дейді Рақымбеков.

Маманның есебінше, шөптің үлесі жалпы шығынның 50–70%-ын құрайды. Осыған сүйенсек, сиыр етінің толық өзіндік құны 1 келі үшін 4 000–5 600 теңге аралығында. Сарапшы ең төменгі межені алып, орташа есеппен 4 000 теңге деп отыр.

Дайын өнім бағасы неге бұдан жоғары?

Еттің базардағы түпкі бағасына делдалдардың үстеме ақысы да әсер етеді. Шаруадан қалаға жеткізуші шамамен 20% маржа қосады. Бұл — 4 800 теңге шамасында. Ал бөлшек сауда нүктелері тағы 20% үстеме қосқанда, баға 5 760 теңгеге дейін көтеріледі. Егер жеткізу тізбегінде бірнеше делдал болса, еттің таза бағасы 6 000 теңгеден асып кетеді. Ал егер ет сүйегімен сатылса, баға сәл төмен болады.