2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанға 10,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда небәрі +1% өскен. Алайда таза ағын күрт азайды: 0,9 млрд доллар, былтырғы 2 млрд-тың жартысына да жетпейді. Яғни жаңадан салынып жатқан инвестиция әкетіліп жатқан ақшаның орнын толтыруға ғана кетіп жатыр.

Өңдеу саласы алғаш рет алға шықты

Дәстүрлі локомотив саналатын шикізат секторының инвестициясы екі еседен артық қысқарды – 1,7 млрд доллар (былтыр 4 млрд болған). Есесіне, тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібі (2 млрд доллар, +15%) бірінші орынға шықты.

Негізгі драйверлер металлургия – 0,9 млрд доллар; химия өнеркәсібі – 0,6 млрд доллар. Қаржы (1,6 млрд доллар) мен байланыс (1,2 млрд доллар) салалары да берік позицияларын көрсетіп отыр.

Елдер бойынша: Қытайдың үлесі күшейді

Көш бастап тұрған – Нидерланды (2,3 млрд доллар). Бірақ бұл көбіне транзиттік арналар. Шынайы негізгі инвестор ретінде Қытай (1,4 млрд доллар) алға шықты.

Оның артынан: Катар – 1,2 млрд доллар, БАӘ – 1,1 млрд доллар, Ресей – 1,1 млрд доллар (үлесін қысқартқан).

Сарапшылардың айтуынша, Қытайдың рөлі тек саудада емес, инвестициялық ағындарда да айқындала түсті. Ал Таяу Шығыс капиталының үлесі соңғы жылдары жылдам артып келеді.

Алматы мен Астана басым

Инвестициялардың 60%-дан астамы екі мегаполисте шоғырланған: Алматы – 4,4 млрд доллар, Астана – 1,7 млрд доллар.

Өңірлерде жағдай әркелкі: Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстары көрсеткішін екі есеге ұлғайтқан. Ал Атырау облысында керісінше –0,7 млрд доллар теріс нәтиже тіркелді.