Қазақстан Парламенті Мәжілісіне банк заңнамасына түзетулер енгізетін жаңа заң жобасы келіп түсті. Құжат шетелдік банктердің елдегі филиалдарына қатысты басқару талаптарын күшейтуді көздейді.

Жаңа талап кімдерге қатысты?

Заң жобасында филиалдағы «басшылық құрам» қатарына мыналар енгізілген: филиал басшысы және оның орынбасарлары, бас бухгалтер және оның орынбасарлары, бөлімше жұмысын үйлестіретін және банк атынан құжаттарға қол қою құқығы бар тұлғалар.

Қажет болған жағдайда уәкілетті орган басқа да лауазымдарды «басшылық құрам» қатарына жатқыза алады.

 Негізгі өзгеріс

Енді әрбір шетелдік банк филиалының кемінде екі жетекші қызметкері Қазақстан Республикасының резиденті болуы міндетті.

Бұл талап корпоративтік басқаруды нығайтып, шетелдік банктердің ел ішіндегі жауапкершілігін арттыруға бағытталған.