Келесі жылы шаруаларға берілетін субсидиялар орнына жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Оның сөзінше жыл сайын шамамен 440 млрд теңге көлемінде қаражатты субсидиялауға бағытталады. Ал келесі жылдың бюджетінде бұл сома 588 млрд теңге болып бекітілді. Сондықтан, ең алдымен, осы қаражат есебінен қарыздар жабылады.

«Біз кезекті тоқтаттық. Неліктен? Себебі бастапқыда «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінген болса, қазір бұл сома 700 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл - 5% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген несие. Сол себепті қазіргі уақытта кейбір салалар бойынша субсидияларды уақытша тоқтатамыз, бірақ жеңілдетілген несиелер беруді жалғастырамыз», – деді Жұманғарин.

Оның айтуынша, келесі жылдан бастап мал шаруашылығын қолдау шаралары қайта басталады. Екі негізгі бағыт бар: біріншіден, биылдан бастап 5% мөлшерлемемен қаражат беру, екіншіден, келесі жылдан бастап тұқымдық түрлендіру бойынша 7 жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді несиелер ұсыну көзделген.