Болашақта кәсіпкерлерді салық декларациясын өз бетінше толтыру міндетінен босату жоспарланып отыр. Бұл компаниялардың өздері онлайн режимде ұсынатын деректер негізінде алдын ала толтырылған формалар есебінен жүзеге асырылмақ. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте қаржы вице-министрі Ержан Біржанов алдағы уақытта бизнес үшін декларация толтыру қажеттілігі толығымен жойылатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінде шағын бизнес үшін алдын ала толтырылған декларация элементтері қарастырылған – оларға дайын формалар ұсынылады. Кейіннен бұл тәжірибені кеңейту көзделіп отыр.

«Бүгінгі таңда ірі бизнеспен көлденең мониторинг жобасы бар. Онда біз ақпарат алмасамыз, ірі бизнес өзінің барлық ішкі есепбін, құжаттарын ұсынады. Сондықтан, егер біз операцияларды барлық деңгейде көріп отырсақ, болашақта декларация тапсырудың қажеті болмайды. Қазір біз осы жобаны салық төлеушілердің басқа санаттарына да тарату үшін бірқатар бизнес-қоғамдастықпен жұмыс істеп жатырмыз», – деді Біржанов.

Вице-министр мемлекеттік органдар мен бизнес арасында цифрлық форматта ақпарат алмасу жолға қойылса, декларацияның керегі болмай қалатынын баса айтты.

Сонымен қатар Біржанов алдын ала толтырылған декларациядағы деректер қате болған жағдайда не істеу керектігін түсіндірді. Оның сөзінше, ең алдымен салық төлеушілердің өздері берген ақпаратқа басымдық беріледі.

«Салық төлеуші бұл декларациямен келісуі мүмкін немесе оны түзетуге құқылы. Бұл біз салық төлеушінің рөлін толық өзімізге аламыз немесе бұл өзгермейтін тұрақты дүние дегенді білдірмейді. Алдын ала толтырылған форма – бұл небәрі құрал. Салық төлеуші: «Жоқ, мына табысты мен табыс деп есептемеймін, өйткені ол басқа бапқа жатады» деп, оны түзетуге толық хақысы бар», – деп толықтырды вице-министр.