Шетелге жұмысқа орналастыратындар жауапқа тартылады

Қазақстанда азаматтарды шетелге жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке жұмыспен қамту агенттіктеріне арналған жаңа жауапкершілік енгізілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК) тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.

Қазір мұндай агенттіктерге қойылатын талаптар «Халықтың көші-қоны туралы» заңда белгіленген. Алайда оларды бұзғаны үшін ӘҚБтК-де жеке жауапкершілік қарастырылмаған.

Қандай жағдайларда айыппұл салынады?

Жобаға сәйкес, ӘҚБтК-ге 98-1-бап енгізу ұсынылады. Ол төрт түрлі құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті көздейді:

  • Жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің тізіліміне енгізілмей жұмыс істеу — шағын бизнеске 150 АЕК (648,8 мың теңге), орта бизнеске 300 АЕК (1,3 млн теңге), ірі бизнеске 600 АЕК (2,6 млн теңге);

  • Тізілімге енгізілу және онда болу талаптарын бұзу — тиісінше 70, 150 және 300 АЕК;

  • Кепілдік жарнасын енгізбеу немесе уақытында енгізбеу — 100, 200 және 400 АЕК;

  • Агенттік міндеттерін бұзу салдарынан азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы — 200, 400 және 800 АЕК.

Егер осы құқық бұзушылықтардың бірі әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе ұлғаяды.

Неге бақылауды күшейтпек?

Еңбек министрлігі шетелге жұмысқа орналасу кезінде алаяқтық қаупінің артқанын алға тартады. Атап айтқанда, жоғары жалақы төленетін жұмыс уәде етіліп, ақша алынғанымен, қызмет көрсетілмей, соның ішінде жалған еңбек шарттары, жалақы төлемеу, тұрғын үймен қамтамасыз етпеу және елден шығарылу қаупі сияқты проблемалар көрсетілген.

Азаматтардың ақшасын алғаннан кейін байланысқа шықпай қоятын агенттіктерге қатысты шағымдар да бар.

Министрлік бұдан бөлек адам саудасы, азаматтарды заңсыз қызметке тарту және еңбек құлдығы сияқты қауіпті де атап отыр.

Шетелде қанша қазақстандық жұмыс істейді?

Еңбек министрлігі келтірген Сыртқы істер министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында шетелде шамамен 148,6 мың қазақстандық жұмыс істеген.

Оның ішінде:

  • Ресейде — 124 мың;

  • Оңтүстік Кореяда — 12,9 мың;

  • Польшада — 2,5 мың;

  • Ұлыбританияда — шамамен 300;

  • басқа елдерде — шамамен 7,6 мың адам.

Қазақстан азаматтары шетелге жұмысқа өздігінен де, жеке жұмыспен қамту агенттіктері арқылы да шыға алады.

Бірыңғай тізілім құрылмақ

Сонымен қатар Қазақстанда азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыратын жеке агенттіктердің бірыңғай тізілімін құру ұсынылып отыр.

Тізілімді көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жүргізу жоспарланған. Сол тізілімде жоқ агенттіктерге айыппұл салынады.

Министрліктің есептеуінше, жаңа талаптар шамамен 250 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты болуы мүмкін. Оның шамамен 10%-ы, яғни 25 компания, бастапқы кезеңде талаптарды бұзуы ықтимал деп болжанған.

Жоба бойынша жаңа нормалар заң алғаш ресми жарияланғаннан кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енуі мүмкін.