2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімі $9,4 млрд болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8% аз. Негізгі инвесторлар қатарында Нидерланд, Ресей, Қытай және Катар бар.
Ұлттық банк деректеріне сәйкес, қаңтар–маусым айларында Қазақстан экономикасына құйылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі $9,4 млрд болды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш шамамен $10 млрд болған.
Инвестиция көлемі ең жоғары елдер:
Нидерланд – $2 млрд, бір жылда 12% төмендеді;
Ресей – $1,5 млрд, 25% өсті;
Қытай – $1,47 млрд, 5% артты;
Катар – $1,3 млрд, 12% көбейді;
БАӘ – $712 млн, 33% азайды.
Сонымен қатар Қазақстанға Оңтүстік Кореядан – $516,5 млн, Кипрден – $494 млн, Бельгиядан – $428,2 млн инвестиция түскен.
Қай салаларға көбірек инвестиция салынды?
Шетелдік инвесторлар бірінші жартыжылдықта ең көп қаржыны:
сауда және автокөлік жөндеу саласына – $2,2 млрд (+2%);
қаржы және сақтандыруға – $1,9 млрд (+6%);
өңдеу өнеркәсібіне – $1,8 млрд (-14%);
құрылысқа – $1,1 млрд (2025 жылы $157,8 млн);
тау-кен өндірісіне – $816 млн (-51%) бағыттаған.
Тау-кен секторындағы төмендеу негізінен мұнай және газ өндіруге салынған инвестицияның $349 млн-ға азаюымен байланысты. Сондай-ақ автомобильдер мен жабдық өндіруге салынған инвестиция $50 млн-ға, пошта және курьерлік қызметке салынған инвестиция $14 млн-ға төмендеген.
Таза инвестиция $470,6 млн болды
2026 жылдың қаңтар–маусымында Қазақстан бойынша таза тікелей шетелдік инвестиция ағыны $470,6 млн болды. Бұл 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы $928,5 млн-нан 49% төмен.
Осылайша, жалпы инвестиция көлемі $9,4 млрд болғанымен, шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы инвестициялық міндеттемелерінің таза өсімі жарты миллиард долларға да жетпеген.