Қазақстандағы ішкі сауда көлемі биыл тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша сауда саласының нақты көлем индексі 108,8% болды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шәккәлиев Үкімет отырысында айтты.
Жалпы сауда айналымы 52,8 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,5% жоғарылаған.
Негізгі үлес — бес өңірде
Сауда өсімінің басым бөлігі бірнеше ірі өңірдің есебінен қамтамасыз етілген. Министрдің айтуынша, Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстары ең үлкен үлес қосқан. Олардың жиынтық көрсеткіші – 71,3% немесе 37,6 трлн теңге.
Бұл қалалар мен өңірлер елдегі ірі логистикалық және тұтыну орталықтары болып отыр.
Көтерме сауда — басты драйвер
Саланың құрылымында ең ірі үлесті көтерме сауда алады – 66,4%, яғни 35 трлн теңгеден астам.
Көтерме сауда көлемі жылдық салыстыруда 9,6% өскен.
Негізгі өсім шикізаттық емес тұтыну тауарлары мен өндірістік-техникалық өнімдерге тиесілі. Бұл топтар жалпы көлемнің 82% құрайды.
Бөлшек сауда: тұтынушылық белсенділік жоғары
Бөлшек сауда да тұрақты өсіп отыр. Нақты көлем индексі 107,1%, ал айналым көлемі 17,5 трлн теңге болды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 трлн теңгеге көп.
Өсімнің басым бөлігі келесі бағыттардан байқалды:
• азық-түлік емес тауарлар — +1,7 трлн тг
• азық-түлік өнімдері — +900 млрд тг
Сауда нүктелері арқылы өткізілген тауар көлемі 6,7% артқан, ал жеке кәсіпкерлердің (оның ішінде базарлардағы) үлесі 8,1% деңгейінде.
Бөлшек сауда бойынша көшбасшылар үштігі: Алматы – 32,8%, Астана – 14%, Қарағанды облысы – 7,3%.
Онлайн сауда серпін алды
Электронды сауда секторындағы белсенділік те артқан. Министрдің дерегінше, тоғыз айда онлайн-сатылымдар көлемі 2,7 трлн теңгеге жетті — бұл былтырғыдан 14% көп.
Бұл тренд қазақстандықтардың тұтынушылық мінез-құлқының цифрлық форматқа ауысып жатқанын көрсетеді.